Қарағандыда ойын алаңында көз жұмған қыздың тыныс жолдары бітеліп қалған

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Дәрігерлер ойын алаңында қайтыс болған бала неден көз жұмғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері ойын алаңында қайтыс болған 7 жасар қыздың өлімінің алдын ала себебін жариялады.

«Кеше, 11 маусымда сағат 18:22-де «Таир» сауда үйінен жедел жәрдем шақыру қоңырауы келіп түсті. Онда ойнап жүрген балалардың бірі ес-түссіз құлағаны туралы айтылды. Жедел жәрдем бригадасы 11 минутта, сағат 18:33-те оқиға орнына келді. Ойын аймағында клиникалық өлім белгілері бар 2012 жылы туған бала табылды. Дереу реанимациялық шаралар қабылданды. Өкінішке қарай, өткізілген іс-шаралар нәтиже бермеді. Биологиялық өлім анықталды. Себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды. Бүгінгі таңда алдын ала деректер бойынша өлім себебі - тыныс алу жолдарының асфиксиясы екенін мәлімдейміз», - деп хабарлады Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Гамаль Тоқсанбаев.

Өңірлік Кәсіпкерлер палатасында хабарлағандай, сауда үйіндегі ойын аймағы мен аттракциондар барлық нормаларға сай. Және кәсіпкер тарапынан ешқандай заңбұзушылық болмаған. Сауда үйінің әкімшісі айтқандай, олар баланың өмірін құтқаруға барынша тырысқан.

«Иә, шынымен де бала біздің аттракционда болды. Қыз бала әткеншекте ойнап жүрген еді. Бұл әткеншектер биік емес және төменгі жағында қауіпсіз жабын төселген. Оны үлкен әпкесі ойнатып отырған. Содан кейін қыз есінен танып құлады. Әпкесі айқайлап, көмекке шақыра бастады. Бірден қызметкерлер де, баланың анасы да жүгіріп барып, алғашқы медициналық көмек көрсете бастады. Осы уақытта біз «жедел жәрдемді» шақырдық. Жедел жәрдем келгенге дейін қыз балаға жасанды тыныс алу шараларын жасадық», - дейді сауда үйінің әкімшісі.

Естеріңізге сала кетейік, кеше Қарағанды сауда үйлерінің бірінде 7 жасар бала ойын алаңында көз жұмған болатын. Қазіргі уақытта тиісті сараптамалар жүргізілуде.

Соңғы жаңалықтар