Қарағандыда оператордың камерасын сындырған жігіт қамауға алынды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандыда жергілікті медиа-порталдың операторының камерасын сындырған жігіт 10 тәулікке қамауға алынды. Бұзақы карантин режимін бұзғандарды анықтау рейдіне шыққан мобильді топтың жұмысына қарсы келіп, полиция қызметкерлеріне бағынбаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетейік, 18 шілдеде карантин режимін бұзушы нысандарды анықтау бойынша рейд жүргізу кезінде жедел әрекет ету орталығы құрамына полицейлер мен тауарлар мен қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің өкілдері, сондай-ақ БАҚ қызметкерлері кіретін мобильді тобымен бірге карантин шектеулеріне қарамастан жұмыс істеп тұрған «Спектр» түнгі клубын анықтаған болатын. Көңіл көтерушілер арасында полиция қызметкерлеріне бағынбай, БАҚ жұмысына кедергі жасағандар да болды. Клубқа келушілердің бірі медиа-портал операторының камерасын сындырды. Сол күні одан басқа тағы 20-ға жуық адам Қарағанды қаласының Михайлов полиция бөліміне жеткізілді.

Бүгін Қарағанды қаласының әкімшілік соты 21 жасар қала тұрғынын 10 тәулікке қамауға алды.

«21 жасар тәртіп бұзушыға 667 «Құқық қорғау органы қызметкерінің заңды өкіміне немесе талабына бағынбау» және 434 «Ұсақ бұзақылық» бабы бойынша айып тағылды. Сотқа дейін ол Михайловка полиция бөлімінің уақытша ұстау оқшаулағышында болған. Қарағанды қаласының мамандандырылған әкімшілік соты тәртіп бұзушыны 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу туралы қаулы қабылдады», - деп хабарлады Қарағанды облысының ПД баспасөз қызметі.

Бұдан басқа, мамандандырылған әкімшілік сот полицияға қарсылық көрсеткен тұлғаларға қатысты тағы үш материалды қарады. Үш тәртіп бұзушы бес тәулікке қамауға алынды.


Соңғы жаңалықтар