Қарағандыда оннан астам аула абаттандырылады

Фото: None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандыда, Қазыбек би атындағы ауданда биыл 13 ауланы кешенді абаттандыру жоспарланған.

Әр аула жеке қарастырылады – әр аумаққа өзінің эскиздік жобасы әзірленді, онда футбол алаңдары мен балалар алаңдары салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жұмыс маусым айында басталды. Кейбір аулаларда түбегейлі өзгерістер жасалды. Мұқанов көшесі, 16 үй ауласы бірнеше көпқабатты үйге есептеліп салынған. Мұнда абаттандыру жұмыстары аяқталып қалды. Балалар қазірдің өзінде тренажерларды сынап көрді.

Футбол алаңдарын жасанды көгалмен жабу үшін елорда тәжірибесі пайдаланылды. Стандартқа сәйкес: тонап, бұзудан қорғайтын қоршау, доп сыртқа шықпауы үшін жоғарыда тор тартылып, жарықтандырылды. Н. Назарбаев даңғылы, 63-үйдің тұрғындары ауланы абаттандыруды бұрыннан өтініп келеді. Бұл жер қараусыз қалған. Қазір бос жерде футбол, воркаут алаңы, көше тренажерлері бар спорт алаңы пайда болды. Өткен жылы кеме түріндегі балалар алаңы орнатылды. Ойын алаңы кеңейтіліп жатыр. Жаңа кешендер де орнатылады. Подъездердің жанында орындықтар мен урналар орнатылды. Автотұрақтар асфальтталды. Жақында Н. Әбдіров даңғылы, 22/4 ауласында жаңа футбол алаңы ашылады. Тренажерлер мен балалар алаңына арналған учаскелер дайындалды.

Ержанов көшесіндегі 37 үйдің ауласында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жаяу жүргінші жолдарына қырлы тас төселіп, оған балаларға арналған арбалар жүре алатын ыңғайлы жол жасалған. Ескі темір әткеншектер мен құмсалғыштар жақын арада ауыстырылады. Қырып алып тастаған жер қабаты жол қырына төгу үшін қолданылады. Жақында Язев көшесі, 7-ші үйдің ауласы да жаңарады. Жеке сектордың жанындағы шағын құрылыстар да назардан тыс қалған жоқ. Кирпичный көшесіндегі 8 үйдің ауласына асфальт төселді. Мұнда балалар ойнайтын футбол алаңы жаңартылады.

«Жалпы аудан бойынша осы жылға 13 аула аумағын кешенді абаттандыру, 17 балалар ойын алаңдарын орнату жоспарланған. Әр аулаға эскиздік жоба әзірленіп, тұрғындардың ұсыныстары ескерілді. Бүгінде алты аулада жұмыстар жүргізілуде, оның басым бөлігі орындалды. Ірі ойын кешендерін жеткізу күтілуде. Мердігер - Ақмола облысының елордадағы аулаларды абаттандыру тәжірибесі бар компания. Міндетті түрде отандық мазмұн, жергілікті материалдар қолданылады. Жұмыстар тұрақты бақылауда, туындаған барлық мәселелер жедел түрде шешіледі. Барлық жұмыстарды тамыз айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр», - деп түсіндірді Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы аудан әкімінің орынбасары Мадияр Жағалбайлы.


Соңғы жаңалықтар