Қарағандыда он екі IT-жоба таныстырылды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік жобасы аясында Цифрландыру күні ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шара Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен өтті.  Бағдарлама  «Цифрландыру экономиканы дамытудың драйвері іспеттес» атты дөңгелек үстелден, отандық IT-жобалардың көрмесінен және «SmartcityKaraganda» Хакатоны сынды үш блоктан тұрды.

Сонымен қатар, Н. Әбдіров атындағы спорт сарайында отандық IT-жобалардың көрмесі өтті.

«Мұнда жалпы 12 жоба таныстырылды. Олар денсаулық сақтау, білім, қоғамдық тәртіпті қорғау және т.б. салаларда жүзеге асып үлгерген. Жобаларды таныту, сондай-ақ, цифрлық технологияларды енгізу ісі бойынша күшімізді біріктіру көрменің мақсаты болмақ», - деді Қарағанды облысының Ақпараттандыру, мемлекеттік қызметті көрсету және  мұрағаттар басқармасының басшысы Рүстем Байжанов.

«Қазақтелеком» компаниясы бизнес үшін  IT-шешімдер жиынтығын, сондай-ақ, құқыққорғау органдарына, жергілікті атқарушы билікке, білім мекемелеріне арналған бейнебақылау қызметтерін ұсынады.

«Перспектива» ғылыми-өндірістік бірлестігі» ЖШС қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы жаңа жобаларын таныстырды.

Қазіргі уақытта Қарағанды бойынша 4 мыңнан астам бейнекамера орнатылған. Олардың 1 248-сі - көшедегі бейнебақылау, 3 144  камера білім нысандарында орнатылған.

Астаналық «Сапа ТелеМед» кәсіпорны электрокардиография телеметриясы жүйесін ұсынды. Жоба Қарағанды облыстық кардиохирургиялық ауруханамен бірлесіп жүзеге асуда. Бұл жүйемен облыстың 70 медициналық ұйымы жұмыс жасайды.

Цифрландыру күнін «ақылды қала» саласындағы жобаларды дамытуға бағытталған хакатон түйіндейді. Ұйымдастырушылар келешекте жүзеге асатын қызықтырарлық идеяларды күтеді. Хакатонның жалпы сыйақы қоры 1 млн теңгені құрайды.

Соңғы жаңалықтар