Қарағандыда Наурыз мерекесіне арналған айтыс өтті

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Кеншілер мәдениет сарайында болған «Армысың, әз Наурыз» атты облыстық ақындар айтысына Нұра, Жаңаарқа, Шет аудандарынан, сондай-ақ Қарағанды, Сәтбаев, Теміртау және Шахтинск қалаларынан 12 жас ақын қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетер жайт, бұл өнер сайысы лингвист-ғалым және қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналып отыр.

«Бүгінгі айтыстың ерекшелігі – Президенттің халыққа Жолдауында Ұлытау облысының құрылғаны туралы жариялауы. Бұл жаңалық та шығармашылық байқаудың басты тақырыптарының біріне айналды. Ақындар әрқашан өзекті мәселелерді көтереді. Мысалы, өткен жылы ақындар Әлихан Бөкейханның ауданы неге жоқ екендігін тілге тиек еткен болатын», – дейді аталмыш шараны жүргізуші Айтбай Жұмағұлов.

Қазылар алқасының шешімі бойынша бас жүлдені қарағандылық Нұрсұлтан Рымбай иеленді. Бірінші орында теміртаулық ақын Еркеғали Бекболат. Екінші орынды Сәтбаев қаласынан Мәди Олжабай мен Шахтинск қаласынан Нұрмұхамед Байсүгіров өзара бөлісті. Үшінші орынға қарағандылықтар Төрехан Совет пен Әлихан Нығметолла, сондай-ақ Нұра ауданынан келген ақын Жандос Бақытұлы ие болды.

«Бұл айтысты бағалайтын және түсінетін ақындар мен адамдар үшін үлкен мереке. Қатысушылардың бәрі де мықты», – деп атап өтті нұралық ақын Жандос Бақытұлы.

Сондай-ақ арнайы сыйлықтармен қарағандылық Думан Самат, Жаңаарқа ауданынан Сырым Нығызбай және Шет ауданынан Мұхтар Әділов марапатталды.

«Мен өзім Көкшетаудың тумасымын, қазір Бөкетов атындағы ҚарУ-де оқимын. 2017 жылы Көкшетауда Көкен Шәкейұлы атындағы ақын мектебі ашылған кезде айтысқа қызығушылық таныттым. Менің алғашқы ұстазым – Мұхамед Қоңқаев, қазір мені Айтбай Жұмағұлов дайындап жатыр. Көптеген ақындар біз үшін жастарға үлгі бола алады. Біреуі сөйлеу өнерін, екіншісінен актерлік шеберлікті және т. б. үйренеді», – дейді Думан Самат.

Айтыстың барлық қатысушылары дипломдармен және алғыс хаттармен марапатталды. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

Сондай-ақ, Қарағандыда оқушылар арасында «Жас тұлпар» облыстық айтысы өтті.

Оған Бұқар жырау, Жаңаарқа, Осакаров, Ұлытау, Шет аудандарынан және Жезқазған мен Приозёрск қалаларынан 10 оқушы қатысты.

Жезқазған қаласының №10 ЖББМ оныншы сынып оқушысы Аяулым Әмірәлі үздік атанды.


Соңғы жаңалықтар