Қарағандыда мүмкіндігі шектеулі жандардың көмекшілеріне өтемақы төленетін болды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандыда коррупцияға қарсы қызметтің араласуынан кейін мүмкіндігі шектеулі жандарды шипажайға емдеуге апаратын көмекшілерге бір реттік өтемақы төленетін болды. Бұған дейін мұндай мүмкіндік болмай, көмекшілер өз қаржысына жүруге мәжбүр болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Раиса Корякина осыдан 6 жыл бұрын жүйке сырқатынан кейін 1-ші топтағы мүгедектер санатына өткен. Салдарынан жылына бірнеше мәрте оңалтудан өтіп тұруы керек. Денесінің жартысына жуығының қимыл-әрекеті қиындық тудырғандықтан көмекші ауадай қажет. Бірақ, осыған дейін олардың қызметі төленбейтін еді.

«Жолда жалғыз өзіме жүру өте қиын. Киім салынған, керек заттар салынған чемодан бар, оны көтеріп жүру керек. Тіпті пойызда купеге отырсаң да төсегіңді өз еркіңмен сала алмайсың. Күнің басқа адамға қарағаннан кейін жағдайың да түсінікті ғой. Бір қолыммен ештеңе істей алмайтынмын. Енді көмекшімді алып жүретін мүмкіндік туды. Бұл өте үлкен көмек», - дейді Раиса Корякина.

Атап өткен жөн, көмекшіге берілетін өтемақы пилоттық жоба ретінде тек Павлодар, Нұр-Сұлтан және Қарағанды қалаларында ғана жүзеге асады. Өзге өңірлерге енгізу үшін қолданыстағы заң өзгеруі тиіс. Мысалы биыл 33 көмекші шамамен 5 млн. теңге көлемінде тиісті қаржысын алған.

«Биылғы жылдан бастап еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынысымен депутаттар бекіте отырып, мүгедектігі бар балалардың ата-анасына курорттық-санаторияның 70 пайызын өтеу жөніндегі заңына тиісті өзгеріс енгізілді. Ал, 1-топ мүгедектеріне тиісті өзгерту енгізілген жоқ. Бірақ, тиісті ұсыныстар жіберілген болатын», - деп атап өтті Қарағанды облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Ермек Нүкісов.

Бұрын оңалтуға бару үшін 2 мәрте медициналық куәландырудан өту керек болған. Осы кезде бармақ басты, көз қысты әрекеттер көбейген. Мысалы Қарағанды облысында соңғы 5 жылда халықты әлеуметтік қорғау саласында 25 қылмыстық іс қозғалған. Салдарынан 11 адам жауапкершілікке тартылған.

«Негізінен қылмыстық істің барлығы мүгедектерге группа беру мәселесі, созу мәселесі бойынша анықталған. Қарағанды облысы бойынша еңбек департаменті қызметкерлері тіптен мүгедектердің мерзімін заңсыз созып, 200 мың теңгеге дейін заңсыз сыйақы алған», - деп мәлімдеді Қарағанды облысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент басшысының орынбасары Арслан Мыңғышев.

Өткен жылы 117 бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандардың көмекшісіне әлеуметтік көмек көрсетілген. Сондай-ақ мүгедектігі бар 21 баланың ата-анасына көмек берілген. Оның жалпы сомасы 14 миллион теңгені құраған. Облыста 24 мыңға жуық ерекше күтімді қажет ететін адам тұрады.

Соңғы жаңалықтар