Қарағандыда мүмкіндігі шектеулі балалардан футбол құрамасы құрылды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда мүмкіндігі шектеулі балалар арасында футболдан облыс құрама командасы жасақталуда.

Тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатта екі ай бойына жаттығулар өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазіргі таңда футбол командасында мектептің 30 тәрбиеленушісі ойнайды. Құрамада 9-14 жас аралығындағы балалар өнер көрсетеді. Барлық жаттықтырушылар Алматы қаласында ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеу бойынша арнайы дайындықтан өтті. Жаттығу сабақтары аптасына екі рет өтеді.

«Жаттығулар балаларға оң әсер етуде, бұл бірден байқалады. Біз, бапкерлер, олардан жақсы қуат аламыз. Балалардың жаттығуларды қалай күтетінін, олардың қалай қуанатынын және тырысатынын көріп отырмыз», - дейді бапкер Евгений Свешников.

Мамандандырылған мектеп-интернатының тәрбиеленушілері үшін сабақтар балалар футболын дамыту бойынша пилоттық жоба аясында ұйымдастырлып отыр. Өткен жылдың қазан айында «Nur Otan» партиясы, Қазақстан және Қарағанды облысының футбол федерациялары, спорт басқармасы және «Шахтер» ФК арасында меморандумға қол қойылған болатын. Қараша айынан желтоқсан айына дейін жаттықтырушылар арнайы курстардан өтті, содан кейін балалар үшін формалар мен доптар сатып алынды. Жаттығуларға осы жылдың сәуір айында кірісіп кетті.

«Қазір Қарағанды облысының құрамасы жасақталуда. Алдағы уақытта футбол федерациясы әр өңірден келген командалар арасында чемпионаттар өткізіп, оған біздің облыс та қатысатын болады», - деді дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Дмитрий Карпов.

Осыған ұқсас бағдарлама Алматы мен Павлодар облысында жұмыс істейді.

Соңғы жаңалықтар