Қарағандыда «Мектепке жол» акциясы басталды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Биыл Қарағанды облысында жыл сайынғы «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы бір ай бұрын басталды. Шара 30 қыркүйекке дейін жалғасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысының білім басқармасы мемлекеттік органдарды, кәсіпорындарды, ұйымдарды, жеке кәсіпкерлерді және жанашыр азаматтарды балаларға жаңа оқу жылына дайындалуға көмектесуге шақырады. Оларды киім-кешекпен, мектеп керек-жарақтарымен және кеңсе тауарларымен қамтамасыз ету қажет.

«Биыл «Мектепке жол» акциясы «Жүректен жүрекке!» ұранымен өтеді. Оның мақсаты – аз қамтылған отбасынан шыққан оқушыларға көмек және қолдау көрсету. Сондай-ақ әлеуметтік жағдайы төмен болғандықтан мектепке бара алмайтын балалардың мәселелеріне қоғамның назарын аудару», - деп түсіндірді Қарағанды қаласы білім бөлімінің бас маманы Ақыл Есенбеков.

«Мектепке жол» акциясы Қазақстанда 2008 жылдан бастап Елбасының бастамасымен өткізіліп келеді. 2018 жылы акция «Мен балаларға көмектесуді таңдаймын!» деген ұранмен өтті. Сол кезде Қарағанды облысында 25 мыңнан астам оқушыға көмек көрсетілді.

Соңғы жаңалықтар