Қарағандыда медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Қарағанды қаласында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың қатысуымен медициналық сақтандыру жүйесінің пилоттық жобасы жұмысын бастады. Бұл туралы ҚазАқпарат ДСМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

МӘМС апробациясына арналған дөңгелек үстелде аймақтың сақтандыру медицинасы шеңберінде медициналық көмек көрсетуге дайындығы талқыланды.

«Пилоттың» міндеті барлық денсаулық сақтау жүйесінің МӘМС енгізуге дайындығына аудит жүргізу және қажет болған жағдайда жүйеге уақтылы түзетулер енгізу.

«Медициналық сақтандыруды сынақтан өткізу алдын ала кемшіліктерді анықтауға және оларды 1 қаңтарға дейін жедел түзетуге мүмкіндік береді. Біз нормативтік-құқықтық базаға, ақпараттық жүйелердің дайындығына, медициналық қызметтерді тұтынушылардың есебіне,сатып алу мен төлемді жетілдіруге барынша назар аудардық. Медициналық сақтандыру жүйесін тестілеуден өткізуге республикалық бюджеттен 2,3 млрд теңге бөлінді», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.


ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, пилоттық жоба бойынша жүрек-қантамыр жүйесі, қант диабеті, глаукома және вирустық гепатит ауруларын ерте анықтау үшін 175 мыңнан астам адамды профилактикалық тексеруден өткізуге және медициналық оңалу қызметтеріне 2,3 млрд теңге бөлінген.


Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (бұдан әрі –ТМККК) пакетінде пилоттық аймақтың тұрғындары үшін 5,6 млн медициналық қызмет қарастырылған, одан тыс сақтандыру қаржысы есебінен 2,7 млн медициналық қызмет көрсетіледі деп жоспарлануда.

Сақтандыру пакеті бойынша инсульт, инфаркт, ауыр жарақат немесе күрделі ота жасаған науқастарға оңалту көмегі көрсетіледі.

«Өкінішке қарай, қазір Қазақстанда оңалту аса дамымаған. Тек Қарағанды облысында 6 мыңнан астам тұрғын оңалтуды қажет етеді. Апробация аясында оңалту қызметіне қосымша қаражат бөлінеді. Айта кетейін, бүгін кардиореабилитациялық орталыққа арнайы барамыз. Өңір үшін маңызды бұл жоба мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында жүзеге асырылды»,-деді министр.


«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» басқарма төрағасының орынбасары Ботагөз Жакселекованың айтуынша, бүгінде Қарағанды облысында 118 ұйым 72 млрд теңгеге тегін медициналық көмек көрсетуде. Медициналық мекемелермен бірге медициналық сақтандыру қорының филиалы тегін медициналық көмек пакеттері мен МӘМС пакеті бойынша медициналық көмекті бөлек есепке алу есебінен медициналық қызметтерді сатып алу жоспарларына өзгерістер енгізілді.

Қарағанды облысын пилоттық аймақ ретінде таңдап алудағы негізгі себеп – аймақта кешенді медициналық ақпараттық жүйе енгізілген, бұл медициналық құжаттаманы қағаз жүзінде жүргізуден бас тартуға мүмкіндік берді. Облыстағы тіркелгендер тізіміндегі әрбір тұрғын жеке электрондық денсаулық паспортымен қамтамасыз етілген. Паспортқа барлық медициналық жазбалар кіреді және пациенттердің «емхана» мен «стационарда» қаралу және емдеу барысын электрондық түрде бақылауға мүмкіндік береді.

Медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебені анықтау үшін медициналық сақтандыру қоры «Saqtandyrý» ақпараттық жүйесін әзірледі, ол пилот шеңберінде сынақтан өтеді. Оны «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы «КЕАҚ ақпараттық жүйелерімен интеграциялауға дайындалды. 1 қыркүйектен бастап халыққа сақтандыру мәртебесін беру бойынша қызметті іске қосу жоспарлануда.


«Денсаулық сақтау министрлігімен бірге біз үлкен дайындық жұмыстарын жүргіздік және өңіріміз медициналық сақтандыруды сынақтан өткізуге дайын деп сеніммен айта аламыз. Облыстың барлық медициналық ұйымдарында тегін медициналық көмек көрсететін ақпараттық жүйелер енгізілген, жұмыс орындары қажетті техникамен қамтамасыз етілген. Жеке инвесторларды тарта отырып денсаулық сақтау инфрақұрылымы айтарлықтай кеңейтілді. Биыл облыста 8 жаңа емхана ашылды, сондай-ақ, 3 жаңа консультациялық- диагностикалық орталық іске қосылады, 5 оңалту және қалпына келтіру орталығы ашылады», - деп атап өтті облыс әкімі Ерлан Қошанов.

Соңғы жаңалықтар