Қарағандыда мас күйінде көлік жүргізген азамат қамауға алынды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – 11 қаңтардан бастап елімізде көлік құралдарын мас күйінде жүргізгені үшін жауапкершілікті күшейту туралы Заң күшіне енді.

Қарағандыда осындай заң бұзған азаматты құрықтау бойынша алғашқы дерек тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

11 қаңтарда полиция қызметкерлері автокөлікті мас күйінде басқарған Қарағанды қаласының 37 жастағы тұрғынын ұстады. Ол 2018 жылы сот шешімімен көлік басқару құқығынан айырылған. Алайда, соған қарамастан, ол мас күйінде тағы да рөлге отырған. Оған қатысты сот санкциясымен қоғамнан оқшаулау жөнінде бұлтартпау шарасы таңдалды. Бұл факті бойынша тәртіп бұзушыға өмір бойына көлік жүргізу құқығынан және 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.

«Бұл Қарағанды облысында көлік құралдарын мас күйінде жүргізгені үшін жауапкершілікті күшейтетін заң күшіне енгеннен кейін жасалған алғашқы құқықбұзушылық. Полиция департаменті тарапынан барлық құқық бұзушыларға осындай қатаң шаралар қолданылатын болады. Сондықтан, барлық азаматтарға рөлге отырмас бұрын, бас бостандығынан айырылуы мүмкіндігін еске саламыз», - деді облыстық Полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы Алмаз Саламатов.

Сонымен қатар, осы заңмен мал ұрлығы, зорлау, қарақшылық, браконьерлік және есірткі заттарын өткізу, оларды жарнамалау және насихаттау үшін жауапкершілік күшейтілді.



Соңғы жаңалықтар