Қарағандыда қызметтік көлігімен баласын мектепке тасыған сот төрағасы ескертумен құтылды

Фото:
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі арнайы сотының төрағасы ескерту алды. Ол қызметтік көлігін жұмыстан тыс пайдаланып, балаларын мектепке апарғаны анықталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі арнайы сотының төрағасы Бекзат Шалғымбаевтың қызметтік көлігімен балаларын мектепке тасымалдағаны туралы бейнежазба өткен жылдың желтоқсан айында әлеуметтік желілерде жарияланған болатын.

Куәгерлер қызметтік көліктен судьяның баласы шығып бара жатқанын, оны мектепке жүргізушісі алып келгенін түсіріп алған болатын.

Тексеру қорытындысы бойынша қызметтік көлікті жеке мақсатта пайдалану бөлігінде бұзушылықтар анықталғаны белгілі болды.

Материалдар Жоғары сот кеңесі жанындағы сот алқасына берілді. Тексеріс қорытындысы бойынша Бекзат Шалғымбаев тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

«Қазақстанның Жоғары сот кеңесі жанындағы сот алқасының шешімімен Бекзат Шалғымбаев Судья әдебі кодексінің нормаларын бұзғаны үшін ескерту түрінде тәртіптік жауапкершілікке тартылды», - деп мәлімдеді Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметі.


Соңғы жаңалықтар