Қарағандыда күлі аз, сапасы жоғары көмір шығарылады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандыда күлі аз қалатын, сапасы жоғары көмір шығарыла бастайды. Жаңа байыту фабрикасының ТМД елдерінде баламасы жоқ. Ірі жоба ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр мен Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің қатысуымен іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жобаның құны 12 млрд теңгені құрады. Оны жүзеге асырудың арқасында 110 жаңа жұмыс орны ашылды. Фабриканың қуаттылығы – сағатына 300 тонна немесе жылына екі миллион тонна байытылған көмір.

«Қарағанды облысы – бұл шикізат өндіруден бастап қайта өңдеуге дейінгі өнеркәсіптік кластерлер құрылатын индустриялық өңір. Бүгін біз жаңа технологияларды пайдалана отырып салынған байыту фабрикасының ашылуына қатысып отырмыз. Qaz Carbon компаниясының ірі инвестициялық жобаларды іске асыруда үлкен тәжірибесі бар. Өткен жылы осы алаңда құю өндірісін ауқымды жаңғырту жүргізілді. Ал жақын арада жаңа ферроқорытпа зауыты іске қосылады деп күтілуде», – деді Роман Скляр.

Кәсіпорында «дымқыл байыту» технологиясы қолданылады. Бүкіл процедура қоршаған ортаға зиян келтірместен жабық циклде жүреді. Өндіріс процесі толығымен автоматтандырылған. Әлемдік технологиялық әзірлемелерді қолдану және жаңа жабдықтарды орнату «Индустрия 4.0» бағдарламасының параметрлеріне сәйкес келеді.

«Өнеркәсіп құрылыс кезеңінің өзінде заманауи ақылды технологияларды енгізудің үлгісіне айналды. Сондай-ақ, жергілікті экономиканы қолдаудың үлгісі болып отыр. Өндіріс үшін шикізат біздің қарағандылық көмір болып табылады. Яғни, қазақстандық қамту үлесі 100%-ды құрайды. Ең бастысы, кәсіпорында 100-ден астам жаңа тұрақты жұмыс орнын ашып, өңірдің дамуына оң әлеуметтік-экономикалық ықпал етеді», – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Өнімдерді экспортқа жіберу жоспарлануда. Бір бөлігі Қарағанды ферроқорытпа зауытының қажеттіліктеріне жұмсалады.

Жобаны іске асыру өңір экономикасын әртараптандыруға, өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігін арттыруға ықпал етеді.

Роман Скляр Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында «Сантехпром» ЖШС-да болып, оған өндірісті жаңғырту жоспары таныстырылды. Сонымен қатар, вице-премьер өңірде «Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ жобаларының жүзеге асырылу барысымен танысты.


Соңғы жаңалықтар