Қарағандыда құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен болған оқиғаға қатысты түсініктеме берілді

Фото: None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облыстық ПД мен прокуратурасының баспасөз қызметтері Қарағанды криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары мен прокурордың қатысуымен болған жанжалға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік желілерде ер адамдар арасындағы қақтығыстың видеосы тарап жатыр. Кадрда криминалдық полиция бастығының орынбасары Ермек Тобылбаевты байқауға болады. Ол жанжалдасып жатқан азаматтардан шеткері тұрып, қақтығысты бақылап тұр. Бұл уақытта жанжалдасушы тараптар бір-біріне қол көтеріп, төбелесе жөнеледі. Дәл осы сәтте бейнежазба тоқтайды.

Полиция департаменті бұл видеода қылмыстық полиция бастығының орынбасары болғанын жоққа шығармады.

«Әлеуметтік желілерде ерлер арасындағы жанжалдың видеосы жарияланды, оған облыстық ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары қатысады. 4 шілде күні қылмыстық полиция басқармасының бақылауындағы алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс фигурантынан ҚПБ бастығы орынбасарының ұялы телефонына даулы мүлікке байланысты жанжал пайда болғаны туралы қоңырау келіп түскенін хабарлаймыз. Заңсыз әрекеттерді болдырмау және мән-жайларды анықтау мақсатында ол оқиға орнына барып, сол жерде патрульдік полиция полкінің нарядын шақырды», - деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.

Белгілі болғандай, тараптар арасындағы жанжалға автокөлік себеп болған. Оқиға орнына полицияның қосымша күші шақырылды. Нәтижесінде қақтығыстың барлық қатысушылары Қарағанды қаласының полиция бөліміне жеткізілді.

Аталған фактіге қатысты ҚР ҚК 293-бабы «Бұзақылық» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Айта кету керек, әлеуметтік желілерде бұл бейнеде прокуратура қызметкері Алексей Бондарев те болғаны айтылады. Алайда, Қарағанды облысы прокуратурасының баспасөз қызметі Алексей Бондарев өткен жылдан бері прокуратура қызметкері емес екенін хабарлады.

«Желіде құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қатысуымен жанжал туындады деген бейне таратылды. Қарағанды облысының прокуратурасы А.Е. Бондаревтің 2021 жылғы 30 желтоқсаннан бастап прокуратура органдарының қызметкері болып табылмайтынын хабарлайды», - деген прокуратураның Фэйсбуктегі ресми парақшасындағы жарияланымда.



Соңғы жаңалықтар