Қарағандыда көпқабатты үйдің бір бөлігі карантинге жабылды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда көпқабатты тұрғын үйдің бір кіреберісі карантинге жабылды. Ондағы пәтерлерге күніне екі рет азық-түлік жеткізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағандыда Ермеков көшесіндегі № 106/1 үйдің кіреберісіне 14 күндік карантин енгізілді. Тұрғындарға далаға шығуға шектеу қойылды. Олар тұрақты медициналық бақылауда болады. Азық-түлік пен бірінші қажеттіліктегі тауарларды тұрақты жеткізу, сонымен қатар қоқыс шығару ұйымдастырылды.

«Тұрғындар арасында COVID-2019 күдігімен бір оқиға тіркелуіне байланысты Қарағанды қаласындағы Ермеков көшесі, 106/1 мекенжайы бойынша үйдің кіреберісіне карантин енгізілді. Пәтерлер мен кіреберіске дезинфекция жүргізілді. Полиция күзет орнатты. Дәрігерлер тұрғындардың денсаулығын үнемі қадағалап отырады», - деп хабарлады Қарағанды облысының Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінен.

Тұрғындар карантин талабын бұзбауы үшін кіреберіс уақытша бұғатталған. Полиция қызметкерлері мен медицина мамандары үнемі кезекшілік етеді.

«Кіреберістің ішінде қалдықтарды жинауға арналған пластик контейнер қақпақпен жабылған. Қоқыс күніне екі рет шығарылады. Азық-түлік сағат 10.00-де және 17.00 «Аян« супермаркетінен өтінім бойынша жеткізіледі. Курьермен тікелей байланыс болмайды, тапсырыстарды полиция қызметкерлері береді», - деп түсіндірді қала әкімдігі.

14 күндік карантин аяқталғаннан кейін тұрғындар қалыпты күнделікті режимге орала алады.


Соңғы жаңалықтар