Қарағандыда Конституция күніне орай батыл полицей туралы фильм таныстырылды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қазақстан Конституциясы күні қарсаңында 200 полицей марапатталды. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары батыл полицей туралы көркем фильмді таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облыстық полиция департаментінің полицейлері Конституция күнін мерекелеуге арналған салтанатты іс-шара өткізді.

Қарағанды облыстық ПД бастығы полиция полковнигі Ерлан Файзуллин атап өткендей, «қарағандылық полицейлер азаматтардың мүддесі мен заңды құқықтарын ұдайы қамтамасыз етеді. Себебі, бізге артылған міндеттің нәтижесі қоғамның дамуына, Қазақстанның экономикалық қуатты және тәуелсіз ел ретінде әрі қарай қалыптасуына тікелей қатысты».

Салтанатты іс-шара барысында қызмет барысында жоғары нәтижелер көрсеткен 200 офицер мен сержант ҚР Конституция күнін мерекелеу құрметіне төс белгілермен, грамоталармен және алғыс хаттармен марапатталды.

Сондай-ақ, жиын барысында қонақтар мен полиция қызметкерлеріне «Әділеттікке апарар жол» фильмі көрсетілді. Фильм желісі өмірде болған оқиғаға негізделген. Ол 130 баланың өмірін сақтап қалып, өзін құрбан еткен полиция қызметкері туралы оқиға.

Фильм түсірілген оқиға «Алматы - Екатеринбург» тасжолында 2008 жылдың мамырында болған. Екі полицей балалар зардап шегуі мүмкін жол апатының алдын алды. Дмитрий Пугач пен Қайрат Жұмабеков сол күні елордаға жол тартқан, ішінде балалар бар үш автобусты арнайы полиция машинасымен алып бара жатқан.

Қарағандылық полицейлер автобустардың алдында келе жатқан. Кенеттен қарсы жолақтан алдында келе жатқан шетелдік көліктен озбақ болған жүк көлігі шығып қалады. Қайрат Жұмабеков пен Дмитрий Пугач жүк көлігі балалар бар автобусқа соғылмас үшін жүк көліктің алдына өз көліктерімен шығады. Олар КамАЗ жүк көлігінің автобуспен соқтығысуына жол бермейді. Жол-көлік оқиғасы салдарынан Дмитрий Пугач түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді, дәрігерлер оны құтқарып қалды. Ал, Қайрат Жұмабеков апат болған жерде қаза тапты. Кейін полиция сержанты Қайрат Жұмабеков ҚР Президентінің Жарлығымен ІІ деңгейлі «Айбын» орденімен марапатталды.

Айта кеткен жөн, рөлдерді кәсіби емес актерлар, ішкі істер органдарының қызметкерлері сомдаған.

«Қайраттың батырлығы біздің жүрегімізде мәңгіге қалады. Қайрат Жұмабековтың отбасына алғыс айтуға рұқсат етіңіздер. Фильмге қатысқан ардагерлерге, балаларға рахмет. Біздің, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің алдында басты міндет – азаматтардың құқықтық қорғалуын жоғары деңгейде қамтамасыз ету», - деп атап өтті облыстың бас полицейі Ерлан Файзуллин.

Сондай-ақ, фильмге Қайрат Жұмабековтың ұлы Ғалым Қайратұлы қатысты.


Соңғы жаңалықтар