Қарағандыда коммуналдық қызметтердің IQala бірыңғай сайты іске қосылды

None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандыда коммуналдық қызметтердің IQala бірыңғай сайты іске қосылды. Жүйе азаматтарға қажетті мекемелерге бару қажеттілігін жойып, қызметтерді онлайн түрде алуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Енді қарағандылықтарға коммуналдық қызмет ұйымдарына барудың қажеті жоқ. Коммуналдық қызметтерді алуға келісімшарт жасасу, ақы сомасын төмендету үшін үйде тұратын адамдар санын азайту және өзге де қызметтерді енді үйден шықпай, IQala сайтында алуға болады.

Жоба жаңадан іске асырылып жатқандықтан, алдағы уақытта қызметтер түрі арттырылатын болады.

IQala сайтында өтініш беру үшін Электронды цифрлық қолтаңба қажет болады.

Қазір порталда үш ірі монополист - «Қарағанды Жарық» ЖШС, «Жылутранзит-Қарағанды» ЖШС, «Қарағандыэнерго Саласының» 26 қызметі цифрландырылды. Болашақта коммуналдық қызметтер тізімі кеңейтіледі.

Жаңа ақпараттық жүйе Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевқа таныстырылды.

Ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және мұрағаттар басқармасының басшысы Рустам Байжановтың айтуынша, IQala орталығының басты міндеті – қызмет көрсету процесін автоматтандыру, қағазбастылықты, қызмет берушілермен байланыс пен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау.

«Бірыңғай орталық құру тұтынушылардың монополистермен қарым-қатынасын жеңілдетеді. Тұрғындар уақытын үнемдей алады. Барлық өтініштер ең қысқа мерзімде пысықталуы тиіс. Егер жүйенің кемшіліктері анықталса, оларды дереу түзету керек. Мүмкіндігінше көп қызмет цифрландырылуы қажет», – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.


Соңғы жаңалықтар