Қарағандыда колледж мұражайында ерекше фотомұра сақтаулы тұр

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандыда фотограф Певел Кунинге арналған «Шебер туралы естелік» атты көрме өтіп жатыр. Көрермен назарына ұсынылған жәдігерлер арасында осыдан тура 77 жыл бұрын түсірілген фотосурет бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көлемі алты да тоғыз кішкентай фотосурет. Тарихтың шынайы дәлелі. Фотода жауынгерлер жеңіске қуанып билеп жатыр.

Артқы жағында «1945 жылғы 9 мамыр. Берлин маңында» деген жазу бар. Кадр ортасында - Павел Кунин, кейініректе фотоөнерімен Қарағандыны даңққа бөлеген тұлға.

«Павел Семеновичпен кездейсоқ кездестік. Бірде ол маған көшеде «Суретке түскіңіз келмей ме?» деп сұрады. Содан кейін біздің киномеханиктерді дайындайтын мектепке жиі келетін болды. Жігіттермен сөйлесіп жүретін. Ол жақсы әңгімеші еді. Оптимист. Біз оны пысық деп атайтынбыз. Көп жылдар Жеңіс күнін бірге атап өттік. Ол әрқашан алюминий кружкасын ала келетін. Бізге өз жұмыстары мен фотосуреттерін жеке мұрағаттан сыйға тартты. Оның бірі мен үшін өте қымбат, ол суретте жас жауынгердің «Яблочко» әніне билеп жатқаны бейнеленген», - деп еске алады Қарағанды қаласы № 9 кәсіптік мектебінің бұрынғы директоры Раиса Тамабаева.

Колледж мұражайында Ұлы Отан соғысының қатысушыларына арналған жеке стенд бар.

Оқытушылар мен оқушылардың қолымен жасалған альбомдарда ардагерлер туралы естелік сақталған.

Павел Кунин (1925 – 2000) Тамбов облысының Новоюрьево ауылында дүниеге келген. 1943 жылы қаңтарда әскерге шақырылды, бірақ әлі 18 жасқа толмаған еді.

Майданға аттану үшін ол өзіне жас қосып алған. Зениттік артиллерияда қызмет етті. Сталинградтан Берлинге дейін өтіп, соғысқа қатысқан.

Ол Рейхстагқа өз қолтаңбасын қалдырғандардың бірі болды.

Жауынгерлік еңбегі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен, сондай-ақ «Сталинградты қорғағаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдарымен марапатталған.

Германияда алғаш рет камераны қолына алған. Штабтың жанында шағын фотостудия болды.

Демобилизациядан кейін Павел Кунин туған ауылына оралды. Мектепте бейнелеу және сурет мұғалімі болып жұмыс істеді.

1953 жылы Қарағандыға келді. Және зейнетке шыққанға дейін «Центрказгеологияда» суретші-безендіруші болып еңбек еткен.

Бүкіл бос уақытын фотосуретке арнады. Қарағандының алғашқы фотоклубын ұйымдастырып, оған көркемөнерпаздар ұжымы атағы берілді.

Ол «Кунин әсері» деп аталып кеткен өзіндік стилін өмірге әкелді. Соғыс ардагерінің жауынгерлік наградаларына шығармашылық марапаттары қосылды.

Оның жұмыстары беделді халықаралық көрмелерде жүлде алды.

Фотография техникасында ол әртүрлі жанрда жұмыс жасады. Әсіресе портретті жақсы көретін. Тәжірибе жасаудан қорықпай, авангард стилінде жұмыс істеуге тырысқан.

Павел Куниннің фотоаппараттарының бірі облыстық тарихи-өлкетану мұражайында сақтаулы.

Бұл күндері «Шебер туралы естелік» көрмесі Сәулетшілер одағының үйінде өтіп жатыр. Көрме мамыр айының соңына дейін жалғасады.


Соңғы жаңалықтар