Қарағандыда қаза болған полицейлер туралы шынайы оқиғалар желісі бойынша фильм түсірілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағандыда қазақстандық полиция қызметінің 25 жылдығы атап өтілді. Ерубаев көшесіндегі облыстық ІІД ғимаратының алдында түрлі бөлімшелерде қызмет ететін 600 полицей салтанатты маршқа қатысты. Шараға қатысушылар қаза болған әріптестерін еске алып, обелискке гүл шоқтарын қойды. Кеншілер мәдениет сарайында мерекелік гала-концерт ұйымдастырылды.

«Қазақстандық полицияның құрылуы күнін атап өтуге байланысты ішкі істер министрінің, облыстық ІІД бастығының бұйрығымен, Қарағанды облысы және Қарағанды қаласы әкімдерінің қаулысымен адал еңбегі мен кәсібилігі үшін ведомствоның 1000-нан астам қызметкері мадақталды», - деп хабарлайды облыстық ІІД баспасөз қызметі.

Гала-концертте «Сөнбес жұлдыздар» кітабының тұсаукесері болды. Онда еліміздің Тәуелсіздік жылдарындағы полиция қызметі туралы баяндалады. Қазақстан полициясының жаңа маршы - «Қазақстан сақшысы» әні орындалды. Бұл туындыны қарағанды полициясының бір топ қызметкерлері жазған екен.

Сонымен қатар бұл күні «Ащы қант. 1998 жыл» фильмінің түсаукесері өтті. Картинада қаза болған қызметкерлер еске алынған, шынайы оқиғалар желісімен түсірілген. Фильмді ІІД-нің шығармашылық тобы түсірген, ал рөлдерді тәртіп сақшыларының өздері орындаған.

1998-ші жылдың қарашасында Қарағандыдағы «Қант орталығына» қарақшылық шабуыл жасалған. Қылмыскерлерді құрықтау барысында Қарағанды ІІБ қылмыстық іздестірудің жедел уәкілі, милиция аға лейтенанты Нұрлан Байғаскин мен жол полициясының инспекторы, милиция аға сержанты Рустам Мәжитов көз жұмған еді.

Тәуелсіздік жылдарында өз қызметін атқару барысында қарағадылық ішкі істер органдарының 26 қызметкері қаза тапқан.

1992 жылдың 23-ші маусымында Президент «ҚР ішкі істер органдары туралы» заңға қол қойды. Бұл дата қазақстан полициясының күні болып саналады.

Соңғы жаңалықтар