Қарағандыда қатерлі ісікке қарсы эндоскопиялық әдіс қолданыла бастайды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда 2020 жылы қатерлі ісіктері бар науқастарды диагностикалауға арналған Облыстық эндоскопия орталығы ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаевтың айтуынша, Эндоскопия орталығы әлемдік деңгейдегі өндірушілердің ең заманауи медициналық жабдықтарымен қамтылатын болады. Жоба бюджеттік қаражат есебінен Облыстық онкологиялық диспансерде құрылады. Аталмыш жобаның іске қосылуы қатерлі ісіктерді ерте кезеңде анықтап, науқастардың емделуін жеңілдетуге үлкен септігін тигізеді.

«Эндоскопиялық құрылғылармен емдеу - әлемдік тәжірибе. Бұл әдіс кезінде үлкен тілік жасаудың қажеті жоқ әрі бұл аса тиімді», - деп атап өтті Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев.

Ол сонымен қатар онкологтарға қандай заманауи құрал-жабдықтар берілетінін айтты. Алдағы уақытта желілік үдеткішті сатып алу және орнату жоспарланып отыр. Бұл аппарат бір мезгілде компьютерлік томографтың көмегімен диагностика жүргізуге және сәулелі терапия арқылы ем жүргізуге мүмкіндік береді, деп түсіндірді басқарма басшысы.

Онкологиядағы ең жаңа әдістердің бірін мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігін пайдалану арқылы енгізу жоспарланып отыр. Бұл - позитронды-эмиссиялық томография (ПЭТ-КТ). Аталмыш әдіс радиоактивті заттың көмегімен денені немесе оның бөліктерін сканерлеу болып табылады.

«Бұл әдіс ауруды ерте кезеңде және патология енді ғана пайда болғалы тұрған кезінде кішкентай ісік ошақтарын анықтауға мүмкіндік береді. МЖӘ жобасы қолға алынып, жеке инвестормен келісім жасалды», - деді Ержан Нұрлыбаев.

Соңғы жаңалықтар