Қарағандыда кәсіпкерлікке кедергі келтірген МКД-нің 24 қызметкері тәртіптік жауапқа тартылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Бас прокуратурасы Қарағанды облысында кәсіпкерлікті қорғау бойынша тексерудің қорытындысын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Естеріңізге сала кетсек, 10 ақпанда Бас прокурор Жақып Асановтың төрағалығымен Қарағандыда көшпелі отырыс өтіп, өңірдегі кәсіпкерлікті тексеру кезінде кеткен кемшіліктер көрсетілді, облыстық прокуратура жұмысына сын айтылды. Бас прокурор кемшіліктер бойынша тексеру жүргізуді тапсырған еді.

«Осыған орай бүгін  2 аптаға жалғасқан тексеру қорытындыларын жариялау үшін Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов Қарағандыға барды. Ведомство басшысының орынбасары өңірдегі бизнесті қылмыстық қудалау жағдайы бәсеңдегенін атап өтті. Атап айтқанда, кәсіпкерлерге қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстарының саны 4 есеге дейін төмендеген. Егер 2016 жылдың алғашқы 2 айында 139 қылмыстық іс тіркелген болса, биыл жыл басынан 37 іс тіркелді. Қалпына келтіруге жатпайтын мән жайлар бойынша қысқартылған істердің саны да азайды. ҚПК аясында кәсіпкерлерге қатысты салықтық тексерудің саны 9 есе қысқарды. Қылмыстық істерді тергеудің аясында есептер бойынша операцияларды тоқтату, мүлікті қолдануға шектеу қою, оған тыйым салу тәжірибесі жойылды», - деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметінен.

Ведомство ақпаратына сәйкес, тексеру нәтижесі бойынша кәсіпкерлердің құқықтарының бұзылуына жол берген облыстық Мемлекеттік кірістер департаменті экономикалық тергеу қызметінің 24 қызметкері тәртіптік жауапқа тартылды. Оның 7-еуі қызметінен босатылып, 2-еуі өз еркімен жұмыстан кетті. Кәсіпкер Долгомысловты заңсыз қылмыстық қудалауға салып, уақытша оқшаулау орнында ұстағаны үшін ЭТҚ тергеушісіне қатысты ҚК 361-бабы 2-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Істі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жүргізуде.

Бизнеске мемлекеттік қызмет көрсету кезінде сергелдеңге түсіріп, құқықбұзушылыққа жол бергені үшін 12 лауазымды тұлға, сонымен қатар          2 басшы (Абай ауданының ауылшаруашылық бөлімі мен Приозерск қ. Мемлекеттік кіріс басқармасының бастықтары) жазаланды. Берілуге тиіс жер учаскелерін кәсіпкерлерге беру жұмыстары  жанданды. Қазіргі таңда 70  кәсіпкердің 6-ы жер учаскісіне ие болды. Жерді үлестіру барысында олқылықтарға жол берген Қарағанды қаласы бойынша Жер қатынастары бөлім басшысы әкімшілік жауаптылыққа, ал дәл сол бөлімнің екі қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

«Қосымша құн салығы бойынша кәсіпкерлерді заңсыз есептен шешу фактілерінің алды алынды. Олқылықтарға жол берген МКД 4 қызметкері, оның ішінде Октябрь ауданы бойынша Мемлекеттік кіріс басқармасының басшысы тәртіптік жауаптылыққа тартылды. Сонымен қатар, Қазыбек би ауданының әкіміне жеке кәсіпкер Кравченконың жылумен қамтамасыз ету жүйесін тексеріс жүргізу актісіз заңсыз тексергені үшін ӘҚБтК 173 бабына сәйкес 150 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Бизнес ортаны жетілдіру және түбегейлі жақсарту мақсатында облыс прокуратурасы Өңірлік кәсіпкерлер паласымен бірлесе отырып нақты 7 бағытты қамтитын Жол картасын жүзеге асыруда. Атқарылған жұмыстың нәтижелері әр өңірге барып,  бизнестің жай-күйін  бағалау тиімді екенін көрсетіп отыр», - делінген ақпаратта.       

Соңғы жаңалықтар