Қарағандыда кардиооңалту орталығы ашылды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов кардиореабилитациялық орталықтың ашылуына қатысты. Әлеуметтік жоба мемлекеттік-жеке меншік әріптестік желісі бойынша іске асырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Орталықта жүрек-қантамыр жүйесі аурулары бар науқастар амбулаториялық және стационарлық оңалтудан өтеді.
«Біздің орталық міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында ашылады. Өткен жылдың және 2019 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша кардиооңалтуға жылдық қажеттілік 1284 адамды, ал үшінші кезең - 1512 адамды құрайды. Біз миокард инфаркты мен кардиохирургиялық ота жасатқан адамдарға көмек көрсетеміз. Бізге № 2 қалалық ауруханадан пациенттер ауысатын болады, олар жеті күн ем алады», - деді «Тұлпар» Кардиооңалту орталығы» ЖШС директоры Баян Екіжанова.
Орталық 70 төсек орынға шақталған және кардиооңалту үшін барлық қажетті жабдықтармен жабдықталған. Оның штатында 55 адам қызмет етеді, оның 16-сы дәрігерлер.
«Біз емделушілер мен медициналық қызметкерлердің назарын келесі бір мәселеге аударғымыз келеді: оңалту – бұл біздің көптен бері тиісінше қаржыландырылмай келген саламыз. Бұл адамдарды қалпына келтіретін қызмет түрі ғана емес, шын мәнінде бүкіл денсаулық сақтау жүйесінің өте маңызды құрамдасы. Кардиобағдарламаны іске асыру аясында біз жүрек-қантамыр жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітімді төмендетуге қол жеткіздік. Менің ойымша, толыққанды оңалту бұл көрсеткішті жақсартады. Медициналық сақтандыру аясында осы көмекті енгізу өте жақсы нәтиже беретіндігіне сенімдімін», - деп атап өтті Денсаулық сақтау министрі.
2 қыркүйекте Орталық алғашқы пациенттерді қабылдайды. Жылына 1800-ден астам адам оңалту көмегін ала алады деп жоспарлануда.



Соңғы жаңалықтар