Қарағандыда иен далада адасып 3 күн жүрген екі адам қалай құтқарылды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысы Приозерск қаласынан Қаражал қаласына қарай автокөлікпен жолға шыққан екі адам дала кезіп үш күн жүрген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

3 маусымда шамамен жолдың ортасында олардың көлігі бұзылып, Приозерск қаласына жаяу оралуға шешім қабылдайды.

Сол маңды жақсы білмеген соң бірнеше күн бойы далада жүрген. Ұялы байланыс істемейді, телефондарының батареясы таусылған.

Қолда бар шағын су қоры тез бітті. Бірнеше күн ішінде жоғалғандар шамамен 100 шақырым жер жүрген.

Оның бірі қатты шаршаған соң қараусыз ғимаратта қалады. Ал екіншісі сапарын әрі қарай жалғастырды.

6 маусымда таңертең иесіз ғимаратта қалған ер адам батареясы отырып калған телефонын аз ғана уақытқа қосып, құтқарушыларға қоңырау шалды. Ол өзінің орналасқан жерін айтып үлгерген.

Құтқару жұмысына Приозерск қаласы төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Мақсат Абюров, Приозерск қаласы құтқару бөлімшесінің басшысы Берік Ахметов және №15 өрт сөндіру бөлімінің аға жүргізушісі Асылбек Хизиров шықты.

Ұзақ іздегеннен кейін құтқарушылар Приозерск қаласынан шамамен 120 шақырым жерде жоғалғандардың біреуін тапты. Ол серігінің шамамен қайда жүргенін хабарлады.

Бірақ бұл бағытта оны табу мүмкін болмады. Құтқарушылар жоғалған адамның қайда екенін жердегі із арқылы анықтады. Іздеу жұмысы кешке дейін жалғасты.

Екінші адам әбден әлсіреп, үмітін үзген соң «біреу көріп қала ма» деген үмітпен от жаққан. Оның үміті бекер болған жоқ. Іздеу тобы түтінді көріп, жоғалған адамды тез тапты.

Құтқарылғандардың қуанышында шек болмады. Оларға су беріп, тамақтандырып, Приозерск қаласына жеткізді.

Қарағанды облысының ТЖД алысқа сапарға шыққанда қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтауды ұсынады: шығу алдында көліктің дұрыстығын тексеріңіз, туыстарыңызды ескертіңіз, қайту уақытын белгілеңіз, байланыс құралдарын өзіңізбен бірге алыңыз, көрінетін бағдарларды үнемі қадағалаңыз.


Соңғы жаңалықтар