Қарағандыда ғарыш мониторингі базада тіркелмеген 11 мың жер учаскесін тапты
2022 жылғы 1 шілде 18:33

Қарағандыда ғарыш мониторингі базада тіркелмеген 11 мың жер учаскесін тапты

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары Асхат Оразбек Қарағанды облысының халқымен кездесу барысында қолжетімді интернет, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, ғарыштық мониторинг және инновацияларды енгізу жайлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ең алдымен вице-министр цифрлық шешімдер енгізу арқылы халықтың жағдайын жақсарту мәселесіне тоқталды.

Оның айтуынша, министрлік жүзеге асырып жатқан жобалар адамдардың өмір сапасын арттыруға бағытталған.

Бұл орайда көптеген мемлекеттік қызметтерге еGov порталы мен мGov мобильді қосымшасы арқылы қол жеткізуге болады. Сондай-ақ кең қолданыстағы 18 құжаттың - жеке куәлік, вакциналау паспорты, туу туралы куәлік және тағы басқа құжаттың цифрлық нұсқасын пайдалануға болады. Оның үстіне, азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында, мемлекеттік қызметтерді екінші деңгейлі банктердің қосымшасы арқылы алу мүмкіндігі қарастырылған.

Асхат Оразбек бірқатар мемлекеттік қызметтерді ХҚКО-ға бармай-ақ, проактивті түрде алуға болатынын атап өтті.

«Бүгінгі таңда әлеуметтік маңызы бар 23 қызмет проактивті нұсқада ұсынылады. Мысалы, бала туғанда, ата-анасына СМС-хабарлама жолданып, тиісті ақпарат сұратылады да, туу туралы куәлік автоматты түрде ресімделеді», - деді вице-министр.

Сонымен қатар қаржыны үнемдеуге және сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға мүмкіндік беретін биометрия технологиясы мен QR-код арқылы төлем жасау, жер қатынастарын цифрландыру, цифрлық ипотека, «видео-ХҚО» және басқа да қызметтер іске қосылды.

Асхат Оразбектің айтуынша, министрліктің мақсаты – мемлекеттік қызмет көрсету процесіндегі адами факторды алып тастау.

Бұл ретте жеке куәлікті миграция қызметіне жүгінбей-ақ, 5-10 минутта алу және қайта жасату үшін «құжаттандыру терминалын» енгізу жоспарланған.

Кездесуде байланыс және интернет мәселесі де қозғалды. ҚР ЦДИАӨМ хабарлауынша, қазір Қарағанды облысы халқының 99 пайызы интернетпен қамтылған. Қалған 1 пайызына интернет кең жолақты және геостационарлық спутник жүйелері арқылы 2024 жылға дейін жеткізіледі. Сәтбаев қаласында интернет 2023 жылдың соңына дейін өткізіледі.

Сондай-ақ вице-министр жайылымдар мен ормандарды зерттеу, заңсыз басып алынған немесе мақсатсыз пайдаланылып жатқан жерлер, заңсыз ағаш кесу жайттарын анықтау үшін облыс территориясына ғарыштық мониторинг жасалатынын айтты.

Мысалы, ағаш кесудің 44 полигоны, жер кадастры базасына енгізілмеген 11 мың жер телімі, мақсатсыз қолданылып жатқан 34 га жер аумағы анықталған.

«Оның үстіне ғарыштан мониторинг жасау арқылы өрт ошақтары мен маңайында орналасқан елді мекендердің, сондай-ақ аса маңызды нысандардың, жолдардың және т.б. нақты географиялық координаттарын анықтауға болады. 2021 жылы 1, 098 га орманды дала өртенген, 2022 жылғы сәуір-мамыр айларында – 31,3 га, тасқын су қауіпі бар 154 учаскі», - деді Асхат Оразбек.

Асхат Оразбек Теміртау қаласының халыққа қызмет көрсету орталығында азаматтарды қабылдады.

Вице-министр халықтың сауалдарына жауап беріп, министрлік құзыретіне кірмейтін сұрақтар бойынша тиісті мекемелермен келіссөз жүргізіп, мәселені шешуге атсалысатынын айтты.

Фото: gov.kz

Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT