Қарағандыда Ғалым Жарылғаповты еске алу турнирі өтіп жатыр

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған бокстан халықаралық турнир өтіп жатыр, деп хабарлайды Қарағанды облысы әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Спорттық жиынның ашылу салтанатына облыс әкімі Ерлан Қошанов қатысты. Сайысқа Қытай, Тайланд, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қазақстаннан жиналған 200-ден астам спортшылар бақ сынамақ.

«Біздің шақыруымызды қабыл алып, турнирге келген әрбір қонақ пен спортшыларға алғысымды білдіргім келеді. Ғалым Жарылғапов - бірегей тұлға, үлкен ұстаз болған, қазақстандық спорттың дамуына үлкен үлес қосқан адам. Сондықтан да ол біздің жадымызда өз ісінің кемеңгері, халқының біртуар ұлы ретінде мәңгі сақталады. Бүгінгі турнир - соның дәлелі», - деді өз сөзінде аймақ басшысы.

Құрметті қонақтар ретінде турнирге бокстан әлем чемпионы Кристина Хаммер, голливуд актёрі Игорь Жижикин және сценарист Олег Степченко келді. Оларға ұлттық шапандар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

Турнир 21-желтоқсанға дейін жалғасады. Бұл Ғалым Жарылғаповтың аруағына бағышталған 35-ші сайыс. Әр кезеңдерде чемпионаттың жеңімпаздары Василий Жиров, Болат Жұмаділов, Ермахан Ыбырайымов, Аркадий Топаев, Игорь Шишкин, Анатолий Александров, Олег Маскаев, Бекзат Саттарханов, Геннадий Головкин, Серік Елеуов, Серік Сәпиев сияқты шеберлер болған.

Ғалым Жарылғапов бокстан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО спорт шебері болған, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, КОКП ОК «Комсомолда белсенді еңбек еткені үшін», «КСРО және ҚазССР кәсіби техникалық білім озаты», «КСРО дене шынықтыру және спорт озаты» белгілерімен марапатталған.

Соңғы жаңалықтар