Қарағандыда ер адам 9 көліктің терезесін сындырып, кейін анасын өлтірген

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАпарат – Қарағандының 34 жастағы тұрғыны үй ауласында тұрған бірнеше көліктің әйнегін сындырды. Полицейлер сол күні ол өзінің анасын өлтіргенін анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

3 маусым күні сағат 00.35-те «102» пультіне Қарағанды қаласы Гапеев көшесіндегі № 29 үйдің алдында ер адам аулада тұрған тоғыз автомобильдің әйнегін сындырғаны туралы хабарлама түскен.

«Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 1-бөлігі (бұзақылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қарағанды қалалық полиция полкінің наряды осы үйдің 34 жастағы тұрғынын «ізін суытпай« ұстады. Ол бұрын сотты болмаған. Күдікті полицияның Оңтүстік-Шығыс бөліміне жеткізілді. Наркологиялық диспансерде жүргізілген медициналық куәландыру бойынша ұсталған азаматтың денсаулық сақтау органдарында наркологиялық және психиатриялық есепте тұрмайтыны анықталды», - деп хабарлады Қарағанды облысы Полиция департаменті бастығының тергеу жұмысы жөніндегі орынбасары Ернат Қалиақпаров.

Тәртіп сақшылары күдіктінің жеке басын және ол жасаған аса ауыр емес қылмысты ескере отырып, тергеу әрекеттерін жүргізгеннен кейін екі сағаттан соң ер адамды үйіне жіберген.

Алайда, сол күні сағат 07.55-те жоғарыда аталған мекенжайдағы пәтерлердің бірінен әйелдің мәйіті табылғаны туралы хабарлама түскен. Әйел сол күні түнде көліктердің терезесін сындырған ер адамның 70 жастағы анасы екені анықталды.

«Жедел-іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері қала көшелерінің бірінен күдіктіні ұстады. Ол көршілеріне келтірілген залалды өтеу бойынша анасымен туындаған жанжал барысында оған пышақ жарақатын салғанын айтты», - деп мәлім етті Ернат Қалиақпаров.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 99-бабы (Кісі өлтіру) бойынша қылмыстық іс тіркелді.


Соңғы жаңалықтар