Қарағандыда еліміз бойынша ең ірі көтерме-тарату орталығы ашылады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов «Альфарух» ЖШС көтерме-тарату орталығының құрылысымен танысты, деп хабарлайды өңір басшысының сайты.

Бұл нысан елдегі жаңа үлгідегі ең ірі технологиялық алаң болады.

Логистика саласындағы заманауи кәсіпорын «Солтүстік – Оңтүстік» ағындарын ауыл шаруашылығы өнімдерімен сауда үшін байланыстыруға мүмкіндік береді. Сауда алаңының ашылуын жеткізушілер мен тұтынушылар тағатсыздана күтуде. Фермерлер бұл орталықта өз өнімдерін делдалсыз сата алады. Ал қалалықтар маусымдық баға өсіміне қарамастан арзан жеміс-жидектер мен көкөністер сатып ала алады.
Аймақ басшысы жобаның әлеуметтік маңызы бар екенін атап өтті. Азық-түлік қауіпсіздігі міндеттрін шешумен қатар, бұл отандық тауар өндірушілерді қолдау және жаңа жұмыс орындарын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жоба.
Ерлан Қошанов инвестормен құрылысты аяқтау және нысанды іске қосу мәселелерін талқылады.
Естеріңізге сала кетейік, көтерме-тарату орталығының құрылысына қаланың жаңа орталығында ауқымды жер телімі бөлінген болатын. Бұл аумақта әртүрлі климатты және құрғақ қоймалар, түрлі температуралық режімі бар камераларды қамтитын қойма терминалдары салынған. Бірегей кросс-доктар – жабық павильондар салынды, онда бір мезгілде 164 жүк көліктері орналасуы мүмкін. Үй-жайлар желдетілетін және жылытылатын болады. Алғашқы болып осындай жүйені елімізде қарағандылықтар енгізді. Сонымен қатар көтерме және бөлшек сауда үшін үлкен жабық базар салынуда.
Жоба мемлекеттік қолдауға ие болды. «Бизнестің жол картасы» бойынша инвесторға несие берілген болатын. Ал қажетті коммуникацияларды, оның ішінде темір жолдарды жүргізу мемлекет тарапынан қаржыландырылады.
«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде фермерлер мен олардың өнімдерін сатып алушылар үшін электрондық сауда алаңы құрылатын болады. Жеткізушілердің ыңғайлылығы үшін сол жерде кедендік аймақ ашылмақ.

Соңғы жаңалықтар