Қарағандыда екі бала терезеден құлап кетті

Фото: None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Бірінші жағдайда үш жасар қыз бала зардап шексе, екінші оқыс оқиғада төрт жасар ұл бала дене жарақаттарын алды. Екеуі де ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

19 сәуірде түстен кейін төрт жасар бала көп қабатты тұрғын үйдің екінші қабатының терезесінен құлап кетті. Жазатайым оқиға Қарағанды қаласы Құрылысшылар даңғылындағы үйде орын алды. Алдын ала мәліметтер бойынша, бала ересектердің қарауынсыз қалған. Зардап шеккен бүлдіршін ауруханаға жатқызылды.

Осыған ұқсас жағдай 16 сәуірде де орын алды. 2019 жылы туған қыз бала Қарағанды қаласы Гоголь көшесіндегі 5 қабатты тұрғын үйдің 5-қабатының терезесінен құлап кеткен.

«Қыз баланың жағдайы тұрақты ауыр. Қазіргі уақытта ол жан сақтау бөлімінде. Ал екінші қабаттың терезесінен құлаған төрт жасар баланың жағдайы орташа ауыр, балалар травмасы бөлімінде жатыр. Кеше жіліншік сүйектерінің ашық сынығына операция жасалды», - деп хабарлады Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

ТЖД қызметкерлері құлау жағдайларының көпшілігі ата-аналар балаларын қараусыз қалдырған кезде орын алатынын еске салады.


Соңғы жаңалықтар