Қарағандыда «Дүниеге келер әлі талай Қасым» атты ақындар байқауы өтті

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда «Шалқыма» концерт залында жыл сайын өтетін «Дүниеге келер әлі талай Қасым» атты ақындар байқауы өтті, деп хабарлайды өңір басшысының ресми сайты.

Байқау халық арасында «дауылпаз ақын» атанған Қасым Аманжоловтың есімімен аталып отыр.

Осы жылдан бастап  республикалық деңгейде өтіп жатқан байқауға қатысуға еліміздің 16 аймағынан 18 бен 40 жас аралығындағы 70 адам өтініш тапсырған.

Ақтық кезеңге қатысуға Астана, Алматы қалаларынан, Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан, Қарағанды облыстарынан 17 үздік үміткерлер іріктеп алынды.

Байқауға қатысушылар Қасым Аманжоловқа, сананы жаңғырту және еркін тақырыпта жазылған 3 өлеңдерін ұсынды. Қазылар алқасы туындылардың көркемдік сапасы мен стилистикалық өзгешелігіне назар аударды. Байқаудың жеңімпаздары мен лауреаттары дипломдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.

Байқаудың Гран-при сыйлығын Қарағанды облысының тұрғыны Жәнібек Әліман ұтып алды. Қазылар алқасының төрағасы, танымал ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Алаш» сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай жеңімпазға диплом мен 500 000 теңгенің сертификатын табыс етті.

Қазылар алқасы бірінші орынды Қарағанды облысының тұрғыны Рауан Қабидолдинге тағайындады. 
Екінші орын - Маңғыстау облысының тұрғыны Асылбек Жаңбырбайға және Қарағанды облысының ақыны Жанат Жаңқашұлына берілді. Үшыншы орында - Түркістан облысынан келген Арқалық Әмалиятұлы, Алматы облысының тумасы Мұқтар Күмісбек және Жамбыл облысының тұрғыны Хамит Есеманов. Алғашқы үш орынға дипломдар мен 350 000, 250 000 және 150 000 теңгенің сертификаттары табыс етілді. 

Байқауға қатысқан басқа ақындарға 30 000 теңге көлемінде жұбаныш сыйлықтары берілді. Байқау «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде өткізілді. Ұйымдастырушы - Қарағанды облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы.

Байқаудың мақсаты мен міндеті - Қасым Аманжоловтың әдеби мұрасын республикамыздың шығармашыл жастары арасында танымал ету, поэзиядағы жаңа есімдерді анықтау, олардың шығармашылығын қолдау, еліміздің жетістіктерін, тарихи өткені мен кемел болашағын асқақтату.  

Соңғы жаңалықтар