Қарағандыда дәрігерлер мен медбикелерге арналған орталық құрылады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде қазіргі заманғы Оқу-клиникалық орталық пайда болады. Ол дәрігерлер мен медбикелердің біліктілігін арттыру мақсатында құрылады. Бұл туралы ҚазАқпарат әкімдік сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Медициналық қызметкерлерді оқыту үшін тұрақты түрде семинарлар, вебинарлар, шеберлік-сыныптары, лекциялар, қашықтықтан оқылатын циклдер мен тәжірибелер өткзіліп отырады. Бұл мақсатта қазақстандық және шет елдік мамандар жұмылдырылады. 

«Бірақ бізде, жұмыс берушілерде осы секілді білім беру шараларына айтарлықтай наразылықтарымыз бар. Себебі медициналық мамандарды оқыту бойынша қызметтерді сатып алу мемлекеттік сатып алулар туралы Заңға сәйкес жүргізіледі. Әдетте, ол қызметтерді анағұрлым төмен баға ұсынатындар ұтып алады. Дегенмен, ол қызмет ұсынушылар қажетті сапа ұсына алмайды. Оларда не қажетті материалдық базасы, не әдістемелік атқарымдар, не оқыту тәжірибесі болмайды», - дейді Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі Ержан Нұрлыбаев.

Ержан Нұрлыбаевтың айтуынша, учаскелік медициналық қызметкерлерді оқытуға жыл сайын 76 млн теңгеден астам қаражат бөлінеді.

«Осының барлығын ескере келе, біз МЖӘ шеңберінде Оқу-клиникалық орталық құру жобасын құруды қолға алдық. Ол үшін жалпы ауданы 800 шаршы метр ғимарат бөлінді. Серіктес - «Астана» Оқу-клиникалық орталығы - оқу орталығын кең көлемдегі құзырлық бойынша қазіргі заманғы симуляциялық құрылғылармен жабдықтау міндетін алып отыр. Симуляторларды жұмыс орындарда мамандардың машықтарын жетілдіру үшін аймақтарға тасымалдауға болады», - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі. 

Орталық мамандары қалалар мен аудандарға шыға отырып, әрдайым дәрігерлер мен медбикелерді оқыта алады. 

«Осылайша, біз облыс тұрғындары үшін қолжетімді және сапалы медициналық көмекті қамтамасыз ете аламыз», - деп атап өтті Ержан Нұрлыбаев. 

Соңғы жаңалықтар