Қарағандыда «Дана Абай, дара Абай» көрмесі ашылды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайында «Дана Абай, дара Абай» көрмесі ашылды. Ол қазақтың ұлы ақыны Абайдың туғанына 175 жыл толуына арналған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көрмеге мұражай қорынан 30-дан астам графикалық және көркем жұмыстар қойылған.

«Мұнда Абай портреттері мен оның шығармашылығына арналған жұмыстарды көруге болады. Көрменің басты жәдігерлері - Төлеуғали Кеңесбаев салған ақынның портреті, сондай-ақ Вениамин Шамшиннің «Абай сөзі» атты жұмысы», - дейді көрменің кураторы Назерке Жартын.

Мұражай жетекшісі Бибігүл Құдабаеваның айтуынша, жылдың осы көрмемен ашылуы кездейсоқ емес.

«Абайдың 175 жылдығы – осы жылғы ең маңызды мерейтойлардың бірі. Жыл бойы осы тақырыпқа арналған мұражай сабақтары өткізіледі. Балабақшалар, мектептер, колледждер мен ЖОО осы сабақтарды өткізуге өтінім бере алады», - деп атап өтті ол.

Сабақ бағдарламасын музей қызметкері Назерке Жартын әзірледі. Онда жаңа оқу технологиялары пайдаланылады.

«Бұрын дәріс оқитынбыз, бұл жолы оқушылар топтарға бөлініп, өздері зерттеу жүргізеді. Біз сабақты екі тілде өткіземіз. Бүгін көрменің ашылуына үш мектеп: Абай қаласындағы №10 гимназия, Қарағанды қаласының №16 мектебі және Мағжан Жұмабаев атындағы №39 лицейдің оқушылары шақырылды», - дейді Назерке Жартын.

Көрменің ашылуы шағын концерт форматында өтті. Оқушылар Абай өлеңдерін оқып, ән айтып, ұлттық аспаптарда ойнады.

«Биыл бүкіл республика бойынша біз ұлы ақын, композитор, философ, саясаттанушы, ойшыл, жаңа қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абайдың 175 жылдығын тойлаймыз. Біздің мектепте көптеген іс-шаралар өткізіледі. Оған ата-аналар да белсене қатысады. Сонымен, менің сыныбымның оқушысы Ерсін Сарик анасы Әсем Шәкеновамен бірге Абай портретімен қабырға газетін салып, шығармашылық байқаудың Гран-приіне ие болды. Бүгін осы қабырға газетін біз мұражайға алып келдік», - деді Абай қаласы №10 гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Аңсаған Ақжанқызы.

«Дана Абай, дара Абай» көрмесі 20 қаңтарға дейін жалғасады.


Фото: forum.ekaraganda.kz



Соңғы жаңалықтар