Қарағандыда борышкерлер мен есепте тұрған тұлғалар жұмысқа орналастырылуда

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы аудан прокуратурасы «Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» ММ алаңында бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізді. Онда алимент төлеуге қаражаты жоқ жұмыссыз борышкерлер мен есепте тұрған тұлғаларға жұмыс ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Іс-шараның мақсаты – алимент бойынша борышкерлерді және пробация қызметінің есебінде тұрған тұлғаларды жұмысқа орналастыру арқылы кәмелетке толмаған балаларын бағуға қаражат төленуін қамтамасыз ету және қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу.

Шараны қаланың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы және пробация қызметі бірлесіп ұйымдастырды.

Жәрмеңкеге ұйымдастырушылардың бастамасын қолдаған бизнес субъектілері қатысты.

Акция аясында жұмыссыздарға бос орындар туралы ақпарат ұсынылды, жұмыс таңдауда көмек көрсетілді және тегін кеңестер берілді.

«Іс-шара алимент өндіру туралы сот актілерінің орындалуын қамтамасыз етуге және есепте тұрғандарды жұмыспен қамтуға бағытталған. Жыл басынан бері 14 адам жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар, Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы аудан прокуратурасы балаларды күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 139-бабына сәйкес 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын еске салады», -деп хабарлады Қарағанды облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі.

Соңғы жаңалықтар