Қарағандыда блокпоста тұрған сарбаздарға ыстық тамақ таратылды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Еліміздегі болған соңғы жағдайларға байланысты полиция қызметкерлері мен Қорғаныс министрлігінің сарбаздары Қарағанды қаласының маңына қойылған блокпостарда күзетте тұр. Бір аптаға жуық уақыт үй көрмей, қыстың суығына қарамастан өз міндетін атқарып жатқан күш құрылымына қазақстандықтар барынша қолдау көрсетіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс орталығы Қарағандының айналасына жалпы саны 8 блокпост қойылды.

Қарағанды мен Теміртаудың арасындағы блокпоста тұрған сарбаздар мен полиция қызметкерлеріне Әнет баба мешітінің имамдары мен кәсіпкерлер бірігіп ыстық ас таратты.

Далада -17 градус аяз. Ақырын соққан желдің өзі бетті қариды.

Блокпоста тұрған полицейлер мен қарулы сарбаздар Қарағанды қаласына кіріп жатқан әр көлікті тоқтатып, құжат пен жүксалғышты тексеріп жатыр.

Әнет баба мешітінің имамдары кәсіпкерлермен бірлесіп қақаған қысқа қарамай бекетті күзетіп тұрғандарға ыстық шай мен ыстық тамақ әкелді.

«Баршамызға белгілі, қазіргі таңда құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілер неше күннен бері үйін, туған-туысын көрмей қызмет атқарып жатыр. Халқымыздың тыныштығы үшін арпалысып жатқан бауырларымызға Қазақстан Діни басқармасының атынан мүфтиден бастап, облыстағы көптеген имамдар осындай қайырымдылық акциясын ұйымадстырды», - дейді облыстың бас имамы Өмірзақ қажы Бекқожа.

Қайырымды істі ұйымдастырушылар бұл әлі бастамасы ғана дейді. Өңіріміздің кәсіпкерлері мен тұрғындары игі шарадан тыс қалмайтынына сенімді екенін айтады.

Дін өкілдерімен қатар бүкіл жанашыр қазақстандықтардың бастамасын қолдау үшін Қарағанды қаласының қоғамдық кеңесі ҚР ІІМ Ұлттық ұланының әскери қызметшілеріне ыстық тамақ әкелді.

Қазіргі уақытта олар тәулік бойы тұрғындардың тыныштығын күзетіп тұр.

Акция барысында мұқтаж көпбалалы аналар мен жалғызбасты қарағандылықтар назардан тыс қалған жоқ.

Ыстық тамақты тасымалдау Қарағанды қаласының Ішкі істер органдарының, сондай-ақ әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы уәкілетті органның басшылығымен келісілді.


Соңғы жаңалықтар