Қарағандыда биыл 18 емхана салынады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды қаласы жаңа медициналық мекемемен толықты. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында қалада отбасылық денсаулық орталығы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық заманауи жабдықтармен жабдықталған. Бұл жерде емделушілерді жалпы тәжірибе дәрігерлері қабылдайды. Жаңа медициналық нысанда емшара және егу кабинеттері, шұғыл көмек көрсету және алдын алу кабинеті бар. Пациенттерге ыңғайлы болуы және ұзын-сонар кезектердің болмауы үшін барлық қажетті жағдайлар ұйымдастырылған.

Жаңа денсаулық сақтау мекемесінде облыс әкімі Ерлан Қошанов болып қайтты. Өңір басшысы медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын жақсартудың маңыздылығын атап өтті. Бұл мақсатта облыста арнайы жоспар әзірленген. Биылғы жылы 18 шағын емхана ашу көзделіп отыр: жетеуі Қарағанды қаласында, ал қалалар мен аудандарда - 11. Майқұдықта осы емханалардың біреуінің құрылысы басталды.

Нысанды салып жатқан инвесторлардың айтуынша, мемлекет тарапынан оларға қажетті көмек көрсетілуде.

Құрылыс алаңын аралау кезінде өңір басшысы медициналық орталыққа баратын қоғамдық көліктердің жақсы жүруін ұйымдастыруды және кірме жолды жөндеу мәселелерін шешуді тапсырды.

Ал инвесторлар болса, өз есебінен емхана аумағын көркейтуге уәде береді. Емханаға 21 мыңнан астам адам тіркеледі деп жоспарлануда.

«Біздің ауданда қарттар мен балалар көп. Біз осы емхананың ашылуын асыға күтеміз, құрылысты қадағалаймыз. Дәрігерлерге қаралу үшін алысқа бармайтынымыз қуантады. Менің анамның аяғы ауырады, әрдайым емханаға бару үшін такси шақыруға тура келеді», - деді шағын ауданның тұрғыны Татьяна Зилипукина.

Жаңа емхана желтоқсан айында ашылады деп жоспарлануда. Ерлан Қошанов әлеуметтік нысанды мерзімінде қолданысқа беруді тапсырды.

Соңғы жаңалықтар