Қарағандыда бала өліміне себепші болған батуттың иелері сотталды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандыда орталық саябақта қатты желден аударылып, бала өліміне әкеп соққан батуттың иелеріне сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

24 желтоқсанда Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық сотында аударылған батут ісі бойынша айыпталушыға үкім шықты. Судья Арғын Құтышев Қарағанды қаласының орталық саябағында төңкерілген батуттың иелері, ерлі-зайыпты Тәкішевтерге үкім шығарды.

Өткен жұма күні, 20 желтоқсанда сот жарыссөзі өтіп, прокурор Ерлан Тәкішевке - 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру, Әлия Тәкішеваны - 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұраған болатын. Мемлекеттік айыптаушы бұл ретте ерлі-зайыптылар қазір үш бала тәрбиелеп отырғанын жеңілдететін жағдай ретінде ескерді. Сондай-ақ, прокурор соттан айыпталушылардан 2 миллион теңге өндіріп алуды сұрады. Сонымен қатар Ерлан Тәкішевті «майор» атағынан айырып, ерлі-зайыптыларға бес жыл бойы кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тыйым салуды өтінген.

Бүгінгі сот үкіміне сәйкес Ерлан Тәкішевке 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, ал оның жұбайы Әлия Тәкішева 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Алайда оны кіші баласы әлі 14 жасқа толмағандықтан, ол өз жазасын тек 5 жылдан кейін өтейді.

Сонымен қатар, айыпталушылар зардап шеккен тарапқа моральдық залал төлеуі тиіс.

Естеріңізге сала кетейік, 25 мамырда қаланың орталық саябағында қатты желден батут аударылып қалған болатын. Оқиға салдарынан 12 жасар Борис Рудаков қаза тауып,тағы үш бала ауыр жарақат алды.

Соңғы жаңалықтар