Қарағандыда әйел-таксистің өліміне қатысы бар жаңа күдіктілер ұсталды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда әйел-таксистің өлтірілуіне қатысы бар күдіктілер саны 3 адамға жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атап айтқанда, ұсталған екі адам жасалған қылмыс туралы полицияға хабарламағаны үшін айыпталып отырса, үшіншісіне әйелдің өлтірілуіне тікелей қатысы бар деген күдік келтірілуде.  

«Тергеудің қылмысты бір адам жасады деген нұсқасын негізсіз деп санаймын. Юлия кикбоксингпен айналысқан және бір адам шабуылдаған болса, оңай жауап қайтара алар еді. Меніңше, үшеуі бірге өлтірген. Юлия қатты соққыға жығылған, басы кірпішпен жарылған. Полицейлермен бірге Федоровка жақтағы саяжай аумағында оның денесін құдықтан алып шыққан кезде, бетінде сау жер болмады. Юлия қатты соққыға жығылғанын айту үшін сарапшы болудың қажеті жоқ», -дейді  өлтірілген Юлия Стонкустың әпкесі Кристина.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қарағанды маңындағы Ақтас кентінде такси қызметінде жұмыс істеген әйел-жүргізушінің мәйіті табылды . 28 жастағы Юлия соңғы тапсырысын такси қызметінің диспетчерінен алған.

«27 қазан күні біздің такси қызметінің кеңсесіне бірнеше жігіт келді. Біреуі диспетчерлікке келіп, қалғандары далада күтіп тұрды. Шахтинск қаласына жеткізетін көлік сұрады. Тапсырысты орындау кезегі Юлия Стонкуста болатын. Ол жігіттерді «Мерседеске» отырғызып, жүріп кетті. Одан кейін біз оны көрмедік. Байланысқа шықпады. Ұялы телефоны байланыстан тыс болды», - деді диспетчер.

Бір күннен кейін полиция қызметкерлері таксист әйелді өлтірген күдіктіні ұстады .

Қарағанды облыстық Ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің басшысы Бақытжан Құдияров күдікті ретінде  35 жастағы  Шахтинск қаласының тұрғыны ұсталғанын хабарлады.

«Күдікті жедел-іздестіру шаралары барысында ұсталды. Бұған дейін сотталған. Алдын ала мәліметтер бойынша, жол ақысын төлеу бойынша шыққан жанжал соңы адам өліміне ұласқан. Күдікті уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды», - деді Бақытжан Құдияров.

Көз жұмған әйелге тиесілі «Мерседес» автокөлігі күдіктіден алынды. 

Соңғы жаңалықтар