Қарағандыда «Әуенді Сарыарқа» халықаралық фестивалі өтеді

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – 15-18 қазан аралығында Қарағандыда «Әуенді Сарыарқа» XXI халықаралық фестивалі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қарағанды облысы әкімдігінен мәлім еткендей, 15 қазан күні «Шалқыма» концерт залында сағат 18.30-да симфония оркестрінің қатысуымен ҚР Халық әртісі Жәния Әубәкірованың шығармашылық кеші өтеді. Оркестр дирижері – симфониялық оркестрдің бас дирижер әрі көркемдік жетекшісі, Бүкілресейлік конкурс лауреаты Петр Грибанов.

Дәл сол күні сағат 20:30-да «Кеншілер даңқы» композициясы алаңындағы «Жұлдыздар аллеясында» Жәния Әубәкірованың жұлдыз белгісі ашылады.

Фестиваль аясында Қарағанды Джаз оркестрі XXVII концерттік маусымын ашады. Концерт 17 қазанда циркте өтеді. Басталуы - 18.30.

Сондай-ақ, көрермендерге Новосібір қаласының «Hard Jazz Project» джаз ұжымы мен Кубадан келген «CQ Plam» тобы өнер көрсетеді. Солистер – Ромай Диаз Секове Плам (вокал-перкуссия, Куба), Алексей Пыстин (клавиши, Ресей), Дмитрий Швецов (ударные, Ресей), Юрий Васильев (бас, Ресей). Оркестрдің бас дирижері - көркемдік жетекшісі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Игорь Андрейченко.

Сонымен қатар «Әуенді Сарыарқа» фестивалі бағдарламасында: 16 қазан сағат 18.30-да «Шалқыма» концерт залында Новосібір мемлекеттік филармониясы академиялық орыс оркестрінің концерті өтеді. Солистер - Ирина Новикова (сопрано) және Гурий Гурьев (баритон). Дирижерлер - Ресейдің Халық әртісі Владимир Гусев және Бүкілресейлік байқаудың лауреаты Рустам Ділмұхамедов.

17 қазан күні Теміртау мәдениет сарайында сағат 18.30-да Новосібір мемлекеттік филармониясы орыс академиялық оркестрінің концерті болады. Солистер - Ирина Новикова (сопрано) және Гурий Гурьев (баритон). Дирижерлар – Ресейдің Халық әртісі Владимир Гусев және Бүкілресейлік байқаудың лауреаты Рустам Ділмұхамедов.

Фестивальдің шымылдығы 18 қазан күні 18.30-да «Шалқыма» концерт залында Тәттімбет атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің концертімен жабылады. Жеке орындаушылар - ҚР еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзовтің, Әзербайжанның еңбек сіңірген қайраткері Сахиб Пашазаде (тар, Әзербайжан), халықаралық конкурстар лауреаты, Мерсин қаласының мемлекеттік хорының көркемдік жетекшісі Ахмет Баранның (канун, Түркия), халықаралық конкурстар лауреаты Элнура Самарбекованың (вокал, Қырғызстан). Дирижерлар – оркестрдің бас дирижері әрі көркемдік жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Дүйсен Үкібай мен ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әбдуғалисын Шоқанбаев.

Соңғы жаңалықтар