Қарағандыда аударылған батут: қылмыстық іс қозғалды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыдағы қайғылы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске сала кетейік, бүгін Қарағанды қаласының Орталық саябағында күшті желден үрлемелі батут аударылып қалған болатын. Оқиға салдарынан 12 жасар бала алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды.

Батутта болған тағы 3 бала түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды.

«Қайтыс болған бала - Рудаков Д. М. 03.02.2007 жылы туған. Қарағанды қаласының тұрғыны. Ауруханаға жеткізілген балалардың бірі - Лензехан В.Е 22.4.2004 жылы туған. Сол жақ қолының бір саусағы жарақаттанған. Ол Мақажанов атындағы травматология орталығының жарақат пунктіне жеткізілді. Екінші бала - Аманқұлов И. 19.8.2004 жылы туған. Сол аяғының сүйегі сынып, жылжып кеткен, кеуде бөлігінің омыртқасында жабық сынық анықталды, жұлыны зақымданбаған. Үшінші бала Саран қаласынан келген - Көмекова Ж. 01.02.2012 жылы туған. Баланың іші ауыр жарақаттанған», - деп хабарлады Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, жедел жәрдем бригадасы оқиға орнына 3-4 минутта жеткен. Оқиға орнында 5 ЖМК бригадасы және бір апаттық медицина бригадасы жұмыс істеді.

Қарағанды облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, аталған дерек негізінде ҚР ҚК 306-бабы 3-бөлімі («Адам өліміне әкеп соққан қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қажетті сараптамалар тағайындалды. Тиісті органдар аталмыш нысанды пайдалану жөніндегі құжаттаманы тексеруде.

Соңғы жаңалықтар