Қарағандыда аудан әкімінің орынбасары пара алды деген күдікпен ұсталды

None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында пара алды деген күдікпен Әлихан Бөкейхан атындағы аудан әкімінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелері жөніндегі орынбасары, сондай-ақ сол әкімдіктің бөлім басшысы ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлихан Бөкейхан атындағы аудан әкімінің орынбасары ұсталғаны туралы ақпаратты Қарағанды облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев журналистермен брифинг барысында хабарлады. Айтуынша, әкім орынбасарымен қоса, бөлім басшысы да ұсталған. Белгілі болғанындай, шенеуніктер кәсіпкерден 500 мың теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілігіп отыр.

«Әлихан Бөкейхан атындағы аудан әкімінің орынбасары мен бөлім басшысы ұсталды. Екіншісі делдал болған. Олар өз міндеттеріне кіретін жұмысты тікелей орындағаны үшін кәсіпкерден 500 мың теңге алған. Қазіргі уақытта бұл мәселе бойынша қылмыстық іс тергеуде. Ол әлі аяқталған жоқ. ҚР ҚІЖК-нің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің егжей-тегжейлі ақпаратын таратуға құқығымыз жоқ», - деді Мұрат Төлеубаев.

Қазіргі уақытта іс сотта.


Соңғы жаңалықтар