Қарағандыда атышулы турфирманың иесіне жаза мерзімі қысқартылды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облыстық прокуратура басқармасының отставкадағы басшысының қызы, «Фараон» туристік фирмасының иесі Жанар Әбеупке тағайындалған жаза мерзімі рақымшылық бойынша қысқартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Қарағандының Қазыбек би аудандық № 1 сотының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, туристерді алдап, олардың Түркияға ұшуын ұйымдастырмаған Ж.Әбеупке «ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңға сәйкес, үкім бойынша тағайындалған жаза мерзімі өзгертілді. Сотқа қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің пробация қызметінен және Жанар Әбеуптің өтініші келіп түсті, онда қабылданған рақымшылыққа байланысты жазалау мерзімін қысқарту туралы мәселе айтылған.

«Бүгінгі күні Жанар Әбеуптің өтелмеген жаза мерзімі 3 жыл 3 ай және 22 күнді құрайды. «ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң негізінде бұл мерзін тең жартысына қысқарады. Осылайша, өтеуге 1 жыл 7 ай және 26 күн жатады», - деп хабарлады соттың баспасөз қызметінен.

Еске салайық, «Фараон» турфирмасының директоры алаяқтық үшін 2016 жылдың  30 қыркүйегі күні жалпы режімдегі колонияға 4 жыл 6 айға тоғытылған болатын. Аталмыш фирмада Түркияға жолдамалар сатып алған клиенттер «Сарыарқа» әуежайынан ұшып кете алмады. Алданған адамдар полицияға шағымданды. Олардың деніне Жанар Әбеуп ақшаларын қайтарып берді. Бірақ 100 адам 400 мың доллар көлеміндегі қаржыларын ала алмады. Турфирма 2015 жылдың 9 шілдесінде банкрот болғандығын жариялады. Әбеуп абақтыда отырып сәбиін дүниеге әкелді. Қазір қыз бала 1 жасқа толды. Бала анасымен бірге колонияда. 

Соңғы жаңалықтар