Қарағандыда атышулы аттракциондағы өлімге қатысты нұсқаушы сотта жауап берді

None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандыда роуп-джампингтегі кісі өліміне қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Өткен жылы 10 қазанда қаза тапқан 34 жастағы Евгения Леонтьеваның өліміне кәнілі деп айыпталған аттракцион нұсқаушысы сотта өз айғақтарын келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сотталушы Александр Музникас өзіне тағылған айыппен келіспейтінін айтты.

«Маған Қылмыстық кодекстің 306-бап, 3-бөлімі бойынша айып тағып отыр. Мен не ұйымдастырдым, не шығардым? Менің фирма иесі еместігімді түсіну үшін заңгерлік білімнің қажеті жоқ. Әрине, жоққа шығармаймын, мүмкін бұл жерде менің кінәм бар шығар, бірақ бұл бап бойынша емес! Бұл жерде «Fly Kazakhstan» ЖШС қызмет көрсеткенін, ол үшін ақы алғанын, барлығыны келіскенін және іс-шаралар ұйымдастырғанын тағы да қайталағым келеді. Неліктен жарты жыл ішінде тергеушілер директордан еш жауап алған жоқ? Іс материалдарында барлық жерде «нұсқаушы», «жауапты нұсқаушы», «ұйымдастырушы» деп жазылады. Нұсқаушы – құжатпен расталған арнайы білімі болуы тиіс сертификатталған маман. Істе оны растайтын бір де бір құжат жоқ. Мен қалай нұсқаушы бола аламын? Істе менің қатысымды дәлелдейтін бір де бір құжат жоқ. Жәбірленушілерге қайғырып көңіл айтамын, бірақ бұл оқиғаға неге мен жауап беруім керек?»- деді Александр Музникас.

Сондай-ақ, ол «Fly Kazakhstan» ЖШС-не заңды қатысы жоқ екенін атап өтті. Александр ол жерде ешқашан жұмыс істемегенін, жауапты нұсқаушы лауазымына тағайындау туралы бұйрыққа қол қоймағанын және Леонтьевамен немесе басқа біреумен біржолғы қызмет көрсету туралы келісім жасамағанын, клиенттерден ақша алмағанын айтты.

Дегенмен, ол сол күні аттракционда болғанын жоққа шығармайды. Александрдың айтуынша, сол күні өзі де тарзанкадан секірмек болған.

Олар қонақ үйдің төбесіне жабдықтар дайындаған кезде секіруге төрт адам келген.

Сондай-ақ, сотталушы тежеу жүйесін бекітетін төменгі нұсқаушының қателігін атап өтті.

«Мен арқанды көтере бастадым. Осы кезде төмендегі нұсқаушы Лев Глухов келесі секіруге тежегіш жүйесін бірден дайындауы керек еді. Мен оның қайда кетіп қалғанын мүлдем түсінбеймін. Қалайша өз орнын тастап, базаның қозғалмалы бөлігін қараусыз қалдырғанын білмеймін»,- деді Александр Музникас.

Келесі отырыста тараптар жарыссөз өткізеді.

Еске сала кетейік, қайғылы оқиға өткен жылдың 10 қазанында болған.

Роуп-джампинг нұсқаушысы күдікке ілінді. Оған Қылмыстық кодекстің 306-бабының 3-бөлігі бойынша айып тағылды.


Соңғы жаңалықтар