Қарағандыда арнаулы жиынға шақыртылған еріктілер оқудан өтуде

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандыда қорғаныс істері жөніндегі департаменттің облыстық жиын пунктінде арнаулы жиынға шақырылған еріктілерді оқыту басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Арнайы оқудан өткен соң оларды қала аумағын санитарлық өңдеу отрядтарына қатыстырады. Сондай-ақ, әскерге шақырылғандар блок бекеттерде кезекшілік етіп, Қалалық жедел штаб жұмысына көмектеседі.

Қарағандыда 150-ден астам ер адам өтініш білдірді, олардың 95 әскерге шақырылғандар іріктеліп алынды. Резервшілер тек облыс орталығында ғана таңдалды. Облыстың басқа қалалары мен аудандарында арнаулы жиындар өткізу әзірге жоспарланып отырған жоқ.

«Бұл қиын уақытта ешкім ортақ істен тыс қалмауы тиіс. «Жас сарбаз» қозғалысындағы менің әріптестерім арнаулы жиындарда қызмет өткеру үшін алғашқылардың бірі болып келгенін мақтан тұтамын. Мен де әскери міндеттілер ретінде өз үлесімді қосу туралы шешім қабылдадым. Бұл біздің борышымыз», - дейді Қарағанды облысы бойынша «Жас сарбаз» ҚБ төрағасы Рустам Жаналиев.

Әскерге шақырылушылардың барлығы дерлік кезінде Қарулы Күштерде қызмет атқарып, оның ерекшеліктерін меңгерген.

Әскери міндеттілер шақырылғаннан бастап әскери қызметшілер мәртебесіне ие болады. Олардың барлығы жалақы, сондай-ақ заң бойынша тиісті жеңілдіктер мен әлеуметтік кепілдіктер алады.

Естеріңізге сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің аумақтық әскерлерін жасақтау үшін әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыру туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Жергілікті атқарушы органдарға әскери міндеттілердің санын және арнаулы жиындарды өткізу мерзімін анықтау тапсырылды.


Соңғы жаңалықтар