Қарағандыда алғашқы қазақстандық мыстың балқытылуының 90 жылдығы аталып өтті

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының Қарсақпай кентінде мерейтойлық дата - алғашқы қазақстандық мыстың балқытылуының 90 жылдығы ауқымды түрде аталып өтті.

Бұл оқиға алғаш рет 1928-ші жылдың 19-шы қазанында болған еді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі өңір әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Металлургтерді Қарағанды облысының әкімі құттықтады. Өзінің құттықтау сөзінде Ерлан Қошанов Қарсақпай зауытының маңыздылығын атап өтті.

«Осыдан 90 жыл бұрын Қарсақпайда атаулы оқиға - Қазақстандағы бірінші мыс балқытылды. Тарих үшін қас-қағым ғана сәт, дегенмен осы уақыт аралығында көптеген оқиғалар болды. Қаныш Сәтпаевтың ғылыми қызметі де осы жерден бастау алған, мұнда біздің еліміздің алғашқы металлургтері еңбек еткен. Сондықтан тек аймағымыз үшін ғана емес, жалпы еліміз үшін зауыт жұмысын жалғастырғаны маңызды, себебі ол тарих, біздің металлургиямыздың бастауы», - деді облыс басшысы.

Қарсақпайдағы мыс балқыту зауыты Қазақстандағы бірінші нысан болды. Мұнда химиялық құрамы ерекше болып келетін жезқазғандық мыс рудасын өңдеудің жаңа технологиялары игерілген. Соңыра ол технология Оралдағы және Балқаштағы зауыттарды жобалау кезінде пайдаланылған.

Қарсақпай тек сапалы мыспен ғана емес, сонымен қатар білікті мамандары, қызметкерлерімен де өте танымал болған. Мұнда өздерінің еңбек жолын тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл Кеңес Одағының атақты металлургтері бастаған.

«1954-ші жылы мені жас маман ретінде Қарсақпай мыс балқыту зауытына бағыттады. Мен мұнда 50 жыл жұмыс істедім. Мен осында енді ғана жұмыс істей бастағанда зауыттың өнімділігі жылына бес мың тоннаны құраған болатын. Ал мен зейнеткерлікке кетерде ол көрсеткіштер бірнеше есе өскен. Біз осындай тарихи кәсіпорынды дамытуға үлесімізді қосқанымызды мақтан тұтамыз», - деді ардагер-металлург Нығмет Ілиясов.

Бүгінгі таңда зауыттың негізгі қызмет түрі «Kazakhmys Holding» ЖШС кәсіпорындары үшін шойын заттарды дайындау болып табылады. Зауыт компанияның кеніштері, фабрикалар мен зауыттары пайдаланатын құрылғылардың қосалқы бөлшектері секілді шамамен 80-ге жуық өнімдерді жасап шығарады.

Аймақ басшысы және мереке қонақтары қайта қалыпқа келтірілген Қаныш Сәтпаевтың мұражай үйінде болып қайтты. Бұл үйде ғалым тек отбасымен тұрып қана қоймай, Қазақстандағы алғашқы геологиялық-барлау конторасын ашқан. Ол жайлы естелік тақтада айтылған. Бұл ғимарат 1969-шы жылдан бастап келушілер үшін есігін айқара ашты. Қазіргі күні мұражай-үйде 3 мыңға жуық жәдігерлер бар.

Салтанатты шара барысында үздік металлургтер мен ардагерлерге Қарағанды облысы әкімінің алғыс хаттары табыс етілді. «Қазақмыс» корпорациясы оларға автокөліктердің кілтін сыйлады. Мерекелік той-думан спорттық сайыстарға және концерттік бағдарламаға ұласты.

Соңғы жаңалықтар