Қарағандыда 40-тан астам жылқы мен сиыр ұрлаған қылмыскерлер ұсталды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - «Мал ұрлығы» іс-шарасының алғашқы күндері Қарағанды облысы ПД қызметкерлері өңірде 4 ауыр қылмыс жасаған 3 топты ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілші.

Ағымдағы жылдың 14-16 мамыр аралығында облыс аумағында «Мал ұрлығы» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді. Криминалдық полиция қызметкерлері мал ұрлығын ашу және ұрылардың жолын кесу жұмыстарын күшейтті.

10 мамыр күні Ұлытау ауданының 45 жастағы тұрғыны полицияға арызданған болатын. Тәртіп сақшылары жедел-іздестіру барысында 35 және 39 жастағы облыс тұрғындарын анықтады. Қылмыскерлер жәбірленушіге 6 млн теңге көлемінде залал келтірген.

Сол күні жедел уәкілдер Жаңаарқа ауданының аумағында 7 бас жылқы ұрлады деген күдікпен тағы бір қылмыстық топты қолға түсіріп, уақытша ұстау абақтысына қамады. Ұсталғандар 2018 жылдың желтоқсан айының соңында 7 бас жылқыны ұрлап, оны Жезқазған қаласындағы мал сою цехтарының бірінде сатқанын мойындады.

Сонымен қатар, ұсталған адамдар ағымдағы жылы тағы бір ауыр қылмыс жасаған. 12 сәуірде полицияға Жаңаарқа ауданы Түгіскен ауылының тұрғыны арызданған. Криминалдық полиция қызметкерлері облыстың 27 жастағы тұрғынын анықтады, ол жоғарыда көрсетілген азаматтармен және тағы бір топпен бірлесіп 12 бас жылқы ұрлағанын және оларды Жезқазған қаласында сатқанын мойындады.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, мал ұрлаушылар негізінен жылқы малын айдап кетумен айналысады. Алайда ірі қара мал ұрылары да аз емес, дейді полицейлер. 2 мамыр күні Жезқазған қаласының жергілікті полиция бөліміне 63 жастағы тұрғын арызданған. Белгісіз тұлғалар оның 5 сиырын жайылымнан ұрлап, 1 млн теңгеден астам шығын келтірген. Полиция қызметкерлері бұл қылмысты тергей келе, Жезқазған қаласының 25 және 30 жастағы тұрғындарын ұстады. Айғақ ретінде 5 бас ірі қара мал алынды.

Жоғарыда аталған барлық фактілер бойынша ҚК 188-бабының 3-бөлігінің 4-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Соңғы жаңалықтар