Қарағандыда 40 адамнан тұратын ірі қылмыстық топ ұсталды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында арнайы операция барысында 40 адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен аптада ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті ҰҚК-нің 5 департаментімен бірлесіп, ұзақ уақыт бойы Қарағанды облысындағы қылмыстық топтың жолын кесу бойынша арнайы операция жүргізді. Топ басшысы мен мүшелері арасында әрқайсысының рөлін бөлетін нақты басшылық құрамы болған. Құпия сақтық шаралары қатаң сақталған», - деді Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек ведомствоның онлайн-брифингісінде.

Арнайы және жедел-іздестіру шаралары арқылы өңірдің ірі өнеркәсіптік объектілерінде, оның ішінде «Арселлор Миттал Теміртау» АҚ-да тауар мен материал ұрлаудың көпдеңгейлі жүйесі ашылған.

«Бопсалау, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, кісі өлтіруге оқталу және бұзақылық секілді топ мүшелерінің бірқатар ашылмаған ауыр және аса ауыр қылмыстарға қатысы бары анықталды. Арнайы операция барысында 100-ден астам тінту жасалды, 9 атыс қаруы, гранатомет, тротил, гранаталар, құжаттама мен жалған мөрлер, діни кітаптар, ірі көлемде ақша, жылжымалы және жылжымайтын мүлік, сондай-ақ тыңдауға арналған техникалық құралдар тәркіленді. Жедел-тергеу шаралары жалғасып жатыр», - деді министрлік өкілі.


Соңғы жаңалықтар