Қарағандыда 25 отбасы баспаналы болды

Фото: None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Бүгінде кезекте тұрғандар мен «Отбасы банкінің» салымшылары қатарынан 25 отбасы өздерінің баспаналарына ие болды. Қарағандылықтар Б.Момышұлы көшесіндегі 26/3 үйде баспана алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Адамдар пәтерлерді ұзақ күтті. Бұл үйдің құрылысы 2013 жылы басталды, бірақ мердігер ұйымның банкрот деп танылуына байланысты құрылыс ұзаққа созылды. Содан кейін жаңа конкурс жарияланып, жаңа құрылыс компаниясы анықталды. Биыл 16 қабатты үй аяқталды.

Өткен жылы бірінші блок-секция аяқталып, қоныстандырылған болатын. Енді міне, екінші кезек келді.

Лаура Ихсанова пәтер бұйырған 25 бақытты жанның қатарында болды. Тұрғын үй алу кезегінде әйел адам 2011 жылдан бері тұрған. 2017 жылы ол «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасына қатысуға құжаттар тапсырды.

«Әркімнің өз баспанасы болуын, қолжетімді баспана бойынша мемлекеттік бағдарламалардың уақытында орындалуын тілеймін. Мен өте бақыттымын! Енді қызым екеуміз екі бөлмелі пәтерімізде тұрамыз. Үйдің ауласында кешенді абаттандыру жұмыстары – балалар ойын алаңдары, тұрақ қалталары, асфальттау, жарықтандыру және т. б. жоспарланған», – деп бөлісті Лаура Ихсанова.

Бүгінгі күні 96 пәтердің тек 25-і ғана қолданысқа берілді, ал қалғандары «Отбасы банкі» желісі бойынша «Халықтың барлық санаттарына арналған тұрғын үй» бағыты бойынша құжаттарды қабылдауды бастады.

«Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы шеңберінде аталмыш мекенжай бойынша пәтер алуға келесі санаттағы азаматтар қатыса алады: Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген адамдар; мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылар; жасына байланысты зейнеткерлер; жетім балалар және ата-анасынан айырылған, 29 жасқа толмаған ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар; қандастар; экологиялық зілзалалар, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйінен айырылған адамдар; көпбалалы және толық емес отбасылар, мемлекеттік қызметшілер және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері.

Құжаттарды қабылдау мерзімі – 2022 жылғы 27-29 шілде аралығы.

Мекен-жайы: Қарағанды қ., Н. Назарбаев даңғылы, 39, OPEN KARAGANDA фронт-кеңсңсі (қалалық әкімдік ғимараты).

Жұмыс уақыты: 09:00-ден 18:30-ға дейін (түскі үзіліс – 13.00-ден 14.30-ға дейін).


Соңғы жаңалықтар