Қарағандыда 15 конфессияның өкілдері вакцинация пунктінде екпе алды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандының 20-ға жуық дін қызметкері коронавирусқа қарсы «Спутник V» вакцинасымен екпе жасатты, деп хабарлайды ҚаАқпарат тілшісі.

Иммундау №3 емхананың вакцинация пунктінде өтті. «Барлығы вакцинацияға!» акциясын Қарағанды облысының дін істері басқармасы өңірдегі діни бірлестіктер басшылары клубымен бірлесіп ұйымдастырды.

Вакцинацияға бір уақытта 15 конфессияның өкілдері келді. Олардың барлығы вакцинацияның қауіпсіздігін жеке мысалмен көрсетуге ниетті. Алайда, кейбір діндарлар арасында ораза және пост кезінде вакцинация жасатуға болмайтындығы туралы пікір бар. Бірақ барлық дінбасылар мұның бәрі теріс пікір екенін айтуда.

«Ауыз бекіту кезінде вакцинациядан өтуге болады. Бұл, ешқандай бұзушылық саналмайды. Бұл жөнінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының фәтуәсі шықты. Егер вакцинациядан кейін жанама әсерлер болса, онда 1-2 күн ораза ұстамауға рұқсат етіледі. Бүгінде Қарағандыда тоғыз имам егілді. Жамағат арасында вакцинация жасатқандар өте көп. Олардың айтуынша, бәрі ойдағыдай өтті», - деп түсіндірді Қарағанды облысының бас имамы Өмірзақ Бекқожа.


№3 емхананың директоры Сәния Боранқұлованың айтуынша, ауыз бекіткен адамдарға кешкі уақытта ауызашардың алдында вакциналауға келген жөн. Егер ауырсыну пайда болса, дәрі қабылдауға болады.

«Біздің емханада бес екпе кабинеті бар. Күн сайын 300-400 адамды егеміз. Барлығын егжей-тегжейлі түсіндіреміз. Жағымсыз әсерлер жоқ. Қызба, әлсіздік және бас ауруы секілді болжамды әсерлер болуы мүмкін. Бірақ олар бір күн ішінде өтеді. Бүгінгі таңда біздің емханада 4 мыңнан астам адам егілді. Вакцинацияны облыс дінбасылары да қолдады», - деп атап өтті №3 емхана басшысы.

Орыс православ шіркеуінің Қарағанды епархиясы протоиерей Александр Угольковтың пікірінше, вакцинацияның кез келген ем секілді, постқа ешқандай қатысы жоқ.

«Егер адам ауырып қалса, онда ол ештеңеге қарамай емделеді. Мен вакцинациядан өтемін деп шештім. Өйткені мен басқа адамдарға ауру жұқтырудан қорқамын. Өткен жазда коронавируспен ауырдым, ауруханада жаттым. Егер біз дертке қандай да бір жолмен, атап айтқанда вакцинация арқылы қарсы тұра алсақ, онда біз оны жасауымыз керек. Бұл – менің ойым», – деді православ діни қызметкері.

Оны католик пасторы Евгений Зинковский де қолдайды.

«Католиктік қағидаттарға сәйкес – вакцинацияға қарсылық жоқ. Мен өзім вакцинаға сенемін. Екі күн бұрын бірінші компонентті алдым», – деп Қарағанды облысының Рим-католик епархиясының бас викары өз таңдауын жасады.

Қарағанды облысының еврей қауымының басшысы Ашер Тумаркиннің пікірінше, денсаулық мәселелері бойынша дәрігерлерге жүгіну қажет.

«Дәрігерлерді тыңдап, міндетті түрде вакцинациядан өтулеріңіз керек. Өткен жылы біз көп нәрсені бастан өткердік. Вакцина – бұл дертті тоқтататын және жағдайды жақсы жаққа өзгертетін әдіс», - дейді раввин.

Басқа дін өкілдері де иммунизацияға деген көзқарасын білдірді.

«Қасиетті жазбада вакциналауға тыйым жоқ. Пандемияны жеңу үшін – егу маңызды. Бұл дұрыс, қажетті және ерікті рәсім. Баршаңызға денсаулық тілейміз!», - дейді Қарағанды облысының евангелиялық-лютерандық бауырлас приходының жетекшісі Петр Жасинас.

«Егер екпе пандемияны жеңуге көмектессе, егер екпе бізді және отбасымызды аурудан қорғайтын болса, онда ол – өмірлік қажет», - деп Қарағанды облыстық Сознание Кришны қоғамының басшысы Сергей Салдин өз пікірін білдірді.

Осылайша, дінбасылар, дәрігерлер сияқты, иммундау пандемияны жеңудің жалғыз жолы деп санайды.


Соңғы жаңалықтар