Қарағандыда 140 науқас псориазды емдейтін қымбат медқызметті тегін алып жатыр

None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Псориазбен ауыратын 140 қарағандылық тегін медициналық көмек алады. Емге қажет препараттың бір ампуласының құны 1 млн теңгеден асады. Бұл мақсатқа 200 млн теңгеден астам қаржы бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысының 140 тұрғыны псориаздан тегін ем алады. Бұл созылмалы тері ауруы кезінде адам денесінің кей жерлерінде жара және қабыршақтар пайда болады.

Ауру буындарға әсер етуі мүмкін, тіпті мүгедектікке әкелуі де әбден ықтимал.

80 қарағандылықта бұл ауру ауыр түрде өтіп жатыр, сондықтан қымбат емді қажет етеді. Пациенттер белгілі бір схема бойынша дәрілік заттардан инъекция алады.

61 жастағы қарағандылық Нина Павловаға (аты-жөні өзгертілген) 2016 жылы «псориаз» диагнозы қойылған.

Содан бері ол үнемі дәрі-дәрмек қабылдап, ауруханада бірнеше рет емделді. Алайда ауру өршіп кеткен. Биыл науқасқа инъекция тағайындалды.

«Мен екі ампула инъекциясын алдым, олардың арасындағы алшақтық шамамен 1 ай болды, келесі инъекция 3 айдан кейін. Әсері бар, жағдайым жеңілдеді, жаралар түсін өзгертті. Болашақта емдеудің әсері күшейеді деп үміттенемін», - дейді науқас.

«Бұл препаратпен емдеу дененің көп аймақтары зардап шеккен кезде, сондай-ақ негізгі иммуносупрессивті терапия тиімсіз болған кезде аурудың ауыр прогрессивті түрінде тағайындалады. Мұндай пациенттерге бейінді мамандардың қатысуымен дәрігерлік консультациялық комиссияның шешімі бойынша қымбат дәрі-дәрмек тағайындалады, өйткені препараттың бір ампуласының құны 1 млн. теңгеден асады. Болашақта пациенттің жағдайы тұрақты жақсарғанда емдеу схемасы өзгеруі мүмкін. Барлық сақтандырылған пациенттер емханада берілетін рецепт бойынша дәрі-дәрмекті тегін алады», - деп толықтырды №1 көпсалалы аурухананың терапевті Назгүл Тұрғымбек.

Псориазды емдеу аурудың ауырлығына байланысты амбулаториялық негізде, күндізгі немесе тәулік бойғы стационарда жүргізіледі.

Аурумен күресте МӘМС аясында тегін жүргізілетін дәрі-дәрмек және физиотерапиялық ем қолданылады.

Облыста барлығы 80 пациент осы қымбат препаратпен ем алады.


Соңғы жаңалықтар