Қарағандыда 118 мың адам коммуналдық қызмет ақысын төлеуге берілетін 15 мың теңгені алуы мүмкін

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында 118 мыңнан астам адам 15 мың теңге мөлшерінде коммуналдық көмек алуы мүмкін. Бұл төлемдер кімге және қалай берілетіні туралы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


Карантин кезеңінде қазақстандықтарды қолдау мақсатында мемлекет халықтың әлеуметтік осал топтарына екі ай аралығында 15 мың теңге мөлшерінде коммуналдық қызметтерін өтейтін болады.

Аталмыш көмек түрі I, II және III топтағы мүгедектерге; ҰОС мүгедектері мен қатысушыларына; ҰОС мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген тұлғаларға; мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға; көп балалы отбасыларға; ең төменгі зейнетақы алатын зейнеткерлерге; мемлекеттік және қоғамдық міндеттерін, әскери қызметін орындау кезінде, ғарышқа ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмірін құтқару кезінде, құқық тәртібін қорғау кезінде қаза тапқан адамдардың отбасыларына; АӘК алатын азаматтарға, оның ішінде жалғыз басты зейнеткерлерге беріледі. Қарағанды облысында осы санатқа жататын 118 мың адам бар.

Төлем сомасы коммуналдық қызмет үшін есептелетін шот мөлшеріне тәуелді болмайды. Әлеуметтік санатқа жататын тұрғындарды барлығына 15 мың теңге аударылады.

«Ауылдарда коммуналдық қызметтер – бұл электр қуаты және (немесе) су. Ай сайынғы төлем 5 мың теңгені құраса да, біз 15 мың теңгені дербес шотқа аударамыз. Кейін тұтынушыларға осы ақша арқылы төлемдерін өтеуге болады. Егер есепшоттағы сома көп болса, мысалы, қала тұрғындарының төлемі 18 мың болса, біз тек 15 мыңды ғана шотқа аудара аламыз, ал қалғанын қызмет алушының өзі төлейді», - деп түсіндірді Ұлантай Үсенов.

Төлемді аудару үшін коммуналдық қызмет көрсету шарты және өтініш берушінің атына рәсімделген коммуналдық кәсіпорындағы абоненттік жеке шоты болуы қажет. Оның нөмірін өтініште көрсету керек. Өтініш толтырған соң, суретке түсіріп, оны WhatsApp нөміріне немесе электрондық пошта арқылы жіберу қажет. Содан кейін оны коммуналдық кәсіпорындардың деректер базасымен салыстырады, жеке шоттың бар-жоғынт ексереді.

Телефон нөмірлері және өтініш үлгісі энергетика және тұрғынүй-коммуналдық шаруашылық басқармасының oblenergetika.kz сайтында, сондай-ақ қалалар мен аудандар әкімдіктерінің сайтында орналастырылған.

Өтініш берген кезде мемлекет төлейтін коммуналдық қызметтердің түрлерін өз бетінше таңдауға немесе «коммуналдық қызметтердің» барлық түрлеріне 15 мыңды бөліп тастауға болады.

Сәуір айында пайдаланған коммуналдық қызметтердің төлем шоттары тұтынушыларға мамыр айының басында келеді. Төлемді екі айға алу үшін өтінішті екі рет - мамыр мен маусымда беру қажет.

Жалдамалы пәтерлерде тұратын адамдарға жалға алу шарты және қызмет ақысын төлеу түбіртектерінде көрсетілетін жеке шот қажет.

«Тұрғын үйді ресми емес жалдап тұратындарға да уайымдамаңыздар деп айтқым келеді. Бұл мәселе Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде шешілуде. Себебі барлық өңірлерде бұл мәселе көтерілуде. Біз оны ИИДМ-мен бірлесіп шешуге тырысамыз. Әзірге бұл адамдардың жеке шоттары болмайынша, біз ақшаны қайда аударатынымызды білмейміз», - деп атап өтті Ұлантай Үсенов.

Жоғарыда аталған санаттарға кіретін Қарағанды облысының тұрғындары алғашқы төлемдерді мамыр айында ала бастайды.


Соңғы жаңалықтар