Қарағандыда 100 аула абаттандырылады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда аулаларды қалыпқа келтіруге қатысты үш жылдық жоспардың іске асырылуы туралы есеп берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов аулаларды жөндеу сапасын бақылауды күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ тұрғындарды жұмыс жоспары туралы хабардар ету керектігін атап өтті.

«Қазір әлеуметтік желілерде аула жағдайына шағымдардың саны көбейгенін байқаймын. Соңғы 10 күнде бұл тақырып бойынша 40-қа жуық жарияланым жазылды. Бір ай бұрын көп шағымданатын мәселелер тізімінде жолдарға қатысты сұрақ көш бастап тұрған еді. Қазір адамдар жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын көруде. Сондықтан болар, халық жолдар туралы аз жаза бастады. Енді тұрғындар аулаларға назар аударып, ондағы қоқыстар, жарық пен ойын алаңдарының жоқтығына шағымдануда», - деді Ерлан Қошанов аппарат кеңесінде.

Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров аула аумақтарын абаттандыру бойынша үш жылдық жоспардың іске асырылуы туралы баяндады. Биыл тағы 100 аула, 2020-шы жылы 123 аулада жөндеу жоспарланған, деп мәлім етті ол. Осылайша, келесі жылдың соңына қарай Қарағандыда барлық аулалар ретке келтірілуі тиіс.

Осы жылы жұмыс атқаратын мердігерлер анықталды. Абаттандырудың бірінші кезеңінде асфальттау, жарықтандыру, жиек тастар, орындықтар, қоқыс жәшіктері орнатылады, деп түсіндірді қала әкімі. Ал екінші кезең, Нұрлан Әубәкіровтың айтуынша, 2020 жылдан кейін басталып, ол кезде аулаларда балалар мен спорт алаңдарын орнату жоспарлануда.

Соңғы жаңалықтар