Қарағандыда 10 млн теңгеге дейін ақша салуға үгіттеген қаржы пирамидасы әшкерленді

Фото: None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда тағы бір қаржы пирамидасының жолы кесілді. Бұл туралы ҚазАқпарат Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Пирамиданы ұйымдастырушы азаматтардан инвестиция тарту үшін WhatsApp-та топтар құрған. Қылмыстық схема қатысушылардың екі бағыт бойынша қаражатын тартудан тұрды. Біріншісі – жаңа қатысушыларды тарту арқылы салым сомасының 70%-ы көлемінде сыйақы төлеуге уәде беріп, 4 күннен 5 күнге дейінгі мерзімге азаматтардан инвестиция жинақтау. Екіншісі – «Cтандарт», «Vip» және «Premium» деген үш позицияға азаматтардан инвестиция тарту, 150 000 теңгеден 10 000 000 теңгеге дейінгі салымдар сомасында қаражат жинақтау. Қылмыскер іс жүзінде кәсіпкерлік қызметпен айналыспаған.

Салымдар мобильді банкинг арқылы қабылданған. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Заң бұзған азаматша қаржылық пирамиданы құруына қатысты кінәсін мойындады.

ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.


Соңғы жаңалықтар